Алматыда бұқаралық спортты дамыту мақсатында қандай іс-шаралар өтті

25.12.2024 16:31

Сала қызметкері алматылықтардың 42 пайызы, яғни 924 мың адам спортпен тұрақты айналысатынын да айтты.

Биыл Алматыда бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3000-ға жуық іс-шара өтті. Оның 35-і халықаралық деңгейдегі жарыс. Қызығы сол төрткүл дүние көз тіккен бұл сайыстарды тамашалау үшін шаһарға 5000-нан аса турист келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылған, халықаралық деңгейдегі сайыстардың бірі – Almaty Open ATP 250 турнирі. Жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын бәсекенің көркін 20 елдің спортшысы қыздырды. Қатарында еліміздің танымал теннисшілері Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев және Михаил Кукушкиндер де бар. 

Атап өтер жайт, Almaty Open ATP 250 турнирінің ресми ашылу салтанатында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Әнші «When I’ve Got You және «Weekend» композицияларын орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал әлемдік бәсекені 40-қа жуық елдің 8 миллионнан аса көрермені онлайн режимде тамашалады. Турнир қорытындысына сай, Ресей мен Үндістан спортшылары шашасына шаң жұқтырмай, жеңімпаз атанды.

"ATP санатындағы турнир бұған дейін 4 рет Астанада өтті.  Алматы – Қазақстан теннисінің отаны, теннистің іргетасы 1930 жылдары Алматыда осында қаланды. Әуесқойлар спортшылар, тұрғындар тарапынан ұсыныс болды. Іс-шара Қазақстанның оңтүстік астанасында алдағы жылдары жалғаса береді", – деді Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев.

Ал биыл Алматы марафоны қатарынан 13-рет өткізілді. Додаға 58 елдің 15 мыңнан аса спортшысы қатысқан. Сондай-ақ 15 жастан асқан азаматтар тіркелген. Олар 5 топқа бөлініп, сайысқа түсті. Іс-шараның тағы бір маңызды тұсы – оған ерекше қажеттілігі бар балалар да бақсынады. Марафонда қырғызстандық желаяқтар топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген. Ал спорт басқармасының маманы Алматыда бірнеше іс-шара өткізілгенін жеткізді.

"Дәстүрлі түрде Almaty Half Марафонына 30-ға жуық елден келген 8 мың спортшыны қамтыған. Қосымша Almaty Run жүгіруден, одан кейін Медеу – Шымбұлақ бағытындағы ірі веложарыстар өткізілуде. Сондай-ақ FIBA 3x3 баскетболдан әлемдік деңгейдегі ірі финалдық турнирлік кезеңдер өткізілді", – деді Спорт басқармасы бөлімінің бас маманы Мұхтар Мұқанов.

Сондай-ақ сала қызметкері бүгінде алматылықтардың 42 пайызы, яғни 924 мың адам спортпен тұрақты айналысатынын да айтты.

Еске салайық, халықаралық спорттық сайыстар келер жылы да өткізіледі. Мегаполисте фристайл-могул, фристайл-акробатикадан Әлем кубогының гранд-финалы, веложарыстар, халықаралық теннис, баскетбол турнилері ұйымдастырылмақ.  

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Астанада үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды