Келер жылы ақпанда қазақстандық спортшылар қысқы Азия ойындарына қатысады
Астанада 2024 жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды. Жүлделі болғандардың арасында Париж Олимпиадасында алтын алған Елдос Сметов пен Давид Дегтярев бар. Сонымен қатар, спорт саласын дамытуға үлес қосқан қайраткерлер де бұл шарада мақтаусыз қалмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Париж олимпиадасында атой салып, чемпион болған Елдос Сметов жылдың үздік спортшысы атанды. Бұл тарихи жеңіс еді. Себебі тәуелсіздік алғалы алғаш рет дзюдодан алтын бұйырды. Елдос Сметов үшінші олимпиадасында жеңістің ең биігінен көрінді. Парижге аттанарда бұл спортшыға көптеген сын айтылғаны да бар.
"Балалар мотивация алды. Спорты қойып кеткендері қайтадан күреске бел буып, келіп жатты. Дзюдо залында бапкерлер «кішкентай балалардан аяқ алып жүре алмай қалдық. Залымызға балалар сыймай жатыр» деп хабарласып жатыр", – деді Олимпиада чемпионы Елдос Сметов .
Сала мамандары «2024 жыл қазақстандық спортшылар үшін жемісті жыл болды» дейді. Себебі Париж олимпиадасында ел қоржынына біраз медаль түсті.
Осы жолғы олимпиадада жалғыз алтын медаль бұйырды. Оны әуелде айтқан Елдос Сметов алды. 3 спортшымыз финалға шығып, күмісті қанағат тұтса, тағы 3 отандасымыз қола медаль иеленді.
"Қазақ спорттық гимнастикасында алғашқы рет медаль алды. Бұл үлкен жетістік. Спорттық гимнастикада әлемде бәсекелестік өте мықты. Назым Қызайбай, Демеу Жадыраевтың күміс медалін айтуға болады. Семсерлесу шеберлеріміз бар, бесінші орын алды. Бүкіл әлемнің мықтылары қатысып жатқан додада ондай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді", – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің маманы Тұрлыжан Айтенов.
Биыл Париж төрінде паралимпиада спортшыларымыз да топ жарды. Францияда 44 отандасымыз 9 спорт түрінен ел намысын қорғаған. Қазақстандық паралимпиадашылар 2 алтын, 3 күміс, 4 қола жеңіп әкелді. Жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында Ақмарал Науатбек те бар. Ол биыл «Спортта үздік серпін» премиясымен марапатталды.
"Көбісі үміттенді, сенді. Отбасымның, жанкүйерлерімнің, барша халқымның . сенімді ақтағаныма қуаныштымын!" – деді Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек.
Париж олимпиадасынан кейін ізін ала Қазақстанда V дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 100-ден аса мемлекетінен 2 мыңнан көп спортшы бағын сынады. Жаһандық жарысты жариялау үшін 1500-ге жуық журналист жұмыс істеді. Оның ішінде 300-ден көп тілші – шетелдік бұқаралық ақпарат құрал өкілдері.
"Бұл көшпенділер ойындарының әлемдік аренада деңгейі өседі деген сенімдеміз. Ол бізге бәсеке үшін өте қажет. Біздің спорт түрін таныған елдер мәдениетімізді, салт дәстүрімізді таниды. Осы тұрғыдан жұмыстар атқарып жатырмыз", – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова.
Ал алдағы жылы ақпанда қазақстандық спортшылар қысқы Азия ойындарына қатысады. Сонымен қатар ислам ойындары мен қысқы спорт түрлерінен жарыстар бар. Қазір отандық спортшылар байрақты бәсекеге дайындықты бастап кетті.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Елдос Сметов: Мақсатым – дүние мен атақ жинау емес, адам болып қалу
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!