Алматыда таеквондодан ел чемпионаты өтіп жатыр
Үш күнге созылатын жарыста спортшылар өз салмақ дәрежелері бойынша Қазақстан чемпионы атағын сарапқа салады
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында таеквондодан ересектер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр. Бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 500-ден астам таңдаулы спортшы қатысуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш күнге созылатын жарыста спортшылар өз салмақ дәрежелері бойынша Қазақстан чемпионы атағын сарапқа салады. Таеквондо – жылдамдық пен тәртіпті талап ететін олимпиадалық спорт түрі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – елімізде жекпе-жек өнерін насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру және ұлттық құрамаға мықтыларды іріктеу.
«Бүгін төрт жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жеттім. Көңіл күйім өте керемет. Бұрын Шымкентте өткен чемпионатта финалда Рита Байкишеваға есе жіберіп, екінші орын алған едім. Сол қателіктеріммен жұмыс істеп, еңбектендім, бүгін соның нәтижесін көріп тұрмын», – деді таеквондодан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы Нұрайым Жұмабек.
Бұл чемпионат – жас спортшылар үшін республикалық деңгейде өзін көрсетуге арналған басты алаң. Биыл отандық таеквондошылар Азия ойындарында алтын алып, тарихи жеңіске қол жеткізген болатын. Алматы қаласы Таеквондо федерациясының президенті Шухрад Шардиновтың сөзінше, бұл табыс спортшыларға үлкен серпін берді. Ендігі мақсат – бұқаралық және кәсіби спортты қатар дамытып, қазақстандық таеквондоның халықаралық аренадағы орнын одан әрі нығайту.
«Жаңадан федерация құрылып, президентіміз Құдырет Шамиев келгелі бері жұмыс жандана түсті. Жаксы жаттықтырушылар, соның ішінде Ираннан келген маман жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда таеквондо қарқынды дамып келеді. Жиі жарыстарға қатысып, оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз, мықты құрам жасақталды. Барлығы федерацияның қолдауынан басталады», – деді Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес.
Оқи отырыңыз: Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды