Азия ойындарында Қазақстан қоржынына 8 медаль түсті

21.09.2026 21:58

XX жазғы Азия ойындары Жапонияда 4 қазанға дейін өтеді

Азия ойындарында Қазақстан қоржыны 8 медальға жетті. Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар 6 жүлде, 4 алтын және 2 қола иеленіп, жалпы есепте үздік төрттікке енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Триатлоншы Арлан Жанабай ел қоржынына алғашқы жүлдені салса, велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко екі алтын медаль еншіледі. Сондай-ақ каратэшілер де жоғары нәтиже көрсетті. Кумитэнің 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жоламан Биғабыл финалда Өзбекстан өкілін 9:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. 

"Жеңістен кейінгі сезім өте жақсы, қуанып жатырмыз! Дайындық жылдың басынан  басталды, осы уақытқа дейінгі еңбегіміз саналады ғой.  Бірақ биыл қаншама оқу-жаттығу жиын өткіздік. Азия ойындарына келіп алтын аламыз деген мақсатқа жеттік",  - деді каратэден Азия ойындарының чемпионы Жоламан Биғабыл.

Бүгін қоржын тағы екі жүлдемен толықты. ММА спортынан Санжар Әділов қола медаль иеленсе, каратэден Әсел Қанай күміс жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары Жапонияда 4 қазанға дейін өтеді. Байрақты бәсекеге елімізден 558 спортшы қатысып жатыр. Жауаптылар жарыстың алдағы кезеңдерінде алтын медаль санын арттыру үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді. 

"Бірінші күннен бастап қоржынымызға төрт алтын түсті. Осының нәтижесінде жақсы, алдыңғы қатарлы орынға шықтық. Енді әрі қарай дәл осы позициямызды ұстауға тырысуымыз керек. Негізгі мақсатымыз - алтын медальдың санын көбейту. Өйткені алтын медальмен рейтингтік кесте есептелінеді", - деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіннннің ресми өкілі  Мейрамғазы Сапарғалиев.

Оқи отырыңыз: Naiza-85 турнирінде кімдер өнер көрсетті

Толық көрсету