Азия чемпионатында қателіктердің орнын толтыруға күш салдық - Евгений Рымарев

Қазақстан құрамасы хоккейден Азия чемпионы атанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан құрамасы хоккейден Азия чемпионы атанды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған құрлықтық бәсекеде елдің спортшыларынан бөлек Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея ойыншылары додаға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда өткен тұңғыш Азия чемпионаты ұлттық құрама үшін сәтсіз басталған еді. Алғашқы ойында Оңтүстік Корея командасына 4:1 есебімен есе жіберген спортшыларымыз аз уақытта ес жинап, келесі ойында қытайлық қарсыластырды айқын басымдықпен жеңді. Қақпаға 6 гол салынды. Ал шешуші матчта Жапонияны 5:1 есебімен тізе бүктіріп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Ал құрама капитаны Евгений Рымарев осы кездесуде дубль жасап, команда құрамындағы үздік ойыншы деп танылды.

"Бізге берілген тапсырма орындалды. Ерекше қуаныштымыз. Бұл жолы жақсы ойын көрсете алдық деп ойлаймын. Алғашында жіберілген қателіктердің орнын толтыруға бар күшімізді салдық", – деді хоккейден Қазақстан құрамасының капитаны Евгений Рымарев

Құрлық бәсекесі халықаралық хоккей федерациясының қолдауымен өтті. Ақтық ойынды тамашалаған қала әкімі Ерболат Досаев чемпионат жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.

Айта кетейік, турнир келер жылдың ақпанында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Азия ойындарына дайындық болды.

"Ақтық сында дәрежелері тең екі команда ойын көрсетті. Жапониялық қарсыластардың алдыңғы матчтарын бақылай отырып, арнайы тактика құрдық. Алғашқы ойында бақылау ойынын өткізбегендіктен жеңіліп қалдық. Бұл чемпионатта ұлттық құрамада жас хоккейшілердің көп екенін атап өткім келеді. Жігіттер үмітті ақтап, дәлелдеуге мүмкіндік алды", – деді шайбалы хоккейден ұлттық құраманың бас бапкері Олег Болякин.

"Тарихи оқиға дер едім. Алматылықтар ұлттық құраманың ойынын алаңда көруге зор қызығушылық білдірді. Сондай-ақ чемпионаттың алғаш біздің елде өткізілуі де жауапкершілікті талап етті. Үш күн болған турнирде билеттердің барлығы бірден сатылып кетті", – деді Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Алексей Мамонтов.

Қазақстан құрамасы үш кездесуде 6 ұпай жинап, хоккейден ерлер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жапон құрамасы да турнирді 6 ұпаймен аяқтағанымен, жеке кездесуде жеңіліп қалды. Оңтүстік Корея чемпионатты төрт ұпаймен, Қытай екі ұпаймен аяқтады.

Айта кетейік, турнир дәстүрлі түрде 4 ел арасында кезектесе ұйымдастырылуын жалғастыра бермек.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Қазақстан құрамасы хоккейден Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

Новости партнеров