Бельгиямен маңызды матч: Қазақстан құрамасының ертеңгі кездесуге дайындығы қалай

14.11.2025 21:59

Кездесуге халықаралық қызығушылық жоғары болып тұр

Қазақстан мен Бельгия арасындағы маңызды матчтан 50-ге жуық шетелдік журналист ақпарат таратады. Өйткені бұл ойында Бельгия жеңіске жетсе, әлем чемпионатына мерзімінен бұрын жолдама алуы мүмкін. Сондықтан кездесуге халықаралық қызығушылық жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Десе де, футбол сарапшылары біздің жігіттердің жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді. Айта кетейік, қазір «J» тобында Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен төртінші орында тұр. Ал Бельгия 14 ұпай жинап, топ басында келеді.  

Ертең Қазақстан ұлттық құрамасы әлемнің ең мықты командаларының бірі Бельгиямен кездеседі. Біздің ойыншылар бұл матчқа дайын. Негізгі құрамдағы барлық футболшы сапта. Тек Бахтиёр Зайнутдинов сары қағазының көптігіне байланысты алаңға шыға алмайды. Федерация өкілдерінің айтуынша, ертеңгі матчқа біздің жігіттер сақадай сай. Дегенмен олар Бельгия құрамасында әлемдік деңгейдегі ойыншылардың барын, жалпы олардың мықты команда екенін ескерген жөн дейді.

«Талғат Маруаұлы Байсуфиновтің командасы Белгияға қарсы матчқа дайын. Әлбетте қарсыластың мықты екенін және оның деңгейі бөлек екенін жақсы түсінеміз. Сонда да Қазақстан ұлттық құрамасы өз ойынын көрсетіп, өз стильінен таймай, ертең жанкүйерлерді қуантады деген сенімдеміз», - деді футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының медиа-офицері Әлімжан Асқар.

Қыркүйекте Брюссельде өткен екі құраманың алғашқы ойынында Бельгия Қазақстанды 6:0 есебімен ойсырата жеңген еді. Содан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кеткен болатын. Ертеңгі өтетін матчқа бельгиялықтардың сол кездегі негізгі ойыншылары Кевин Де Брюйне мен Тибо Куртуа денсаулығына байланысты қатыса алмайды екен. Қазақстан құрамасында да жарақат алған ойыншылар бар.

«Дастан Сәтпаевтің кішігірім жарақаты бар екені белгілі. Ол «Қайрат» сапындағы чемпиондар лигасындағы матчтарды сол жарақатымен де өткізіп жатыр. Енді ұлттық құрамаға келген кезде де аянып қалмаймыз деп отыр. Дегенмен матч алдында дәрігерлер штабы шешеді. Бірақ Дастан Сәтпаев ертең біздің ұлттық құрамаға көмектеседі деген сеніміміз мол», - деді футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының медиа-офицері Әлімжан Асқар.

Ертеңгі матчқа қос құраманың кездесуін тамашалау үшін 30 мыңға жуық көрермен жиналуы мүмкін. Сатылымға шыққаннан кейін бірнеше күн ішінде барлық билет сатылып кеткен. Сонымен бірге Бельгиядан да жанкүйерлер Астанаға арнайы келген. Олар ұзақ жолдың оңай болмағанын айтады.

«Астанаға жету біз үшін оңай болмады. 8 сағаттан аса ұшып, бірнеше бағытты өзгертіп, Түркия арқылы жеттік. Бұл елге алғаш рет келуіміз. Күн суық. Дегенмен мұндай ауа райы біздің ойыншыларға кедергі болмауы тиіс. Ертең жеңіске жетіп, әлем чемпионатына ертерек жолдама аламыз деп үміттенемін», - деді Бельгия ұлттық құрамасының жанкүйерлері.

Айта кетейік, сатып алынған билеттер матчтан бір күн бұрын жанкүйерлердің электронды поштасына жіберіледі. Сондай-ақ федерация өкілдері көрермендерді алаңға 2–3 сағат бұрын келуге шақырады. Себебі стадион аумағында жанкүйерлерге арналған әртүрлі бағдарлама мен интерактивті аймақтар жұмыс істемек.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қоршауды сындырып, бақшаны таптап кетеді: ШҚО-да аюлар ауылдарға жиі келе бастаған