Бес медальдың екеуі - алтын: Әлем чемпионатындағы жас таеквондошылар жеңісі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Фуджейра (БАӘ) қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш додада Қазақстан құрамасы екі алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.

Негізгі ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов жастардың өнеріне баға берді.

Фуджейрадағы әлем біріншілігіне жалпы 87 елден 811 спортшы қатысқан болатын. Бұл турнирде отандастарымыз тамаша нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Осылайша жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.

Хамзаальпер Ромашкин 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел қоржынына бірінші алтын медальді салған еді. Ол финалда канадалық Никола Самардичті сенімді әрі техникалық шеберлікпен жеңген болатын. Айта кетейік, отандасымыз бұған дейін Сербияның Белград қаласында өткен халықаралық турнирде де дәл осы салмақта жеңімпаз атанған.

Екінші алтын медаль иегері - Жантөре Сағынғали. Қазақстандық 65 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, финалда Украина спортшысы Максим Шудженкодан басым түсті. 

Сондай-ақ, Аятжан Әмірханов 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанса, Алла Цой (47 келіге дейін) және Аида Ғожалымова (51 келіге дейін) қола жүлдемен жарысты аяқтады. 

"Қазіргі уақытта Қазақстанда жасөспірімдер мен жастар таеквондосы қарқынды дамып келеді. Әр жарыстан жүлдесіз қайтпайды. Соның айқын дәлелі - Фуджейрада өткен әлем чемпионаты. Сол додада жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл — Қазақстан құрамасының қосалқы құрамы да мықты екенін көрсетеді", - деді Есбол Сұлтанов.

Жалпы, жасөспірімдер мен жастар құрамасы әр жыл сайын Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетіп жүр деуге де болады. Мысалы, 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты. Аталмыш турнирде отандастарымыз 2 күміс, бір қола медаль жеңіп алған еді.

Одан бөлек, негізгі ұлттық құрама сапында Батырхан Төлеуғали, Самирхон Абабакиров және Мария Севостьянова сынды жас спортшылар бар. 

"Батырхан Төлеуғали мен Самирхон Абабакиров - жас спортшылар. Жастарына қарамастан, олимпиадалық деңгейде тәжірибе жинап үлгерген. Әзірге Олимпиада ойындарында жүлде алмағанымен, болашақта жоғары нәтижелер көрсетеді деп сенеміз.

Ал қыздар құрамасындағы Мария Севостьянова - ұлттық құраманың көшбасшы спортшыларының бірі. Ол 2028 жылғы Олимпиада ойындарында жүлдеге таласатын басты үміткерлердің қатарында. Дегенмен, әзірге дайындықты одан әрі күшейту қажет. Әсіресе физикалық дайындығын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов.

Еске сала кетейік, Мария Севостьянова (57 келіге дейін) өткен жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанса, биыл клубтар арасындағы Азия чемпионатында алтын жүлдеге ие болды. Ал, Батырхан Төлеуғали 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.

Жасөспірімдер мен жастар құрамасының қазіргі қарқыны қуантады. Спортшылар жас айырмашылығына қарамастан, халықаралық аренада ел намысын лайықты деңгейде қорғап жүр. Олар әр шыққан додасында тәжірибе жинап қана қоймай, жеңіс тұғырынан көрініп, болашақта үлкен жетістіктерге жететіндеріне сенім ұялатады.

Оқи отырыңыз: Уфа қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан халықаралық жарыстар басталды

Новости партнеров