Әбиба Әбужақынова дзюдодан әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанды

13.06.2025 21:51

Отандасымыз финалда италиялық спортшыға есе жіберіп, күміс медаль алды

Аlmaty.tv

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отандасымыз Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді.

Әбиба Әбужақынова Будапешттегі әлем чемпионатында барлығы бес кездесу өткізді. Финалға дейін жарыс жолынан Марина Воробеваны (IJF), Лоус Петитті (Германия), ширек финалда әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері жапониялық Уатана Когананы, ал жартылай финалда испаниялық Лаура Мартинез Абелендадан басым түсті.

«Осылайша, Әбиба Әбужақынова дзюдодан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанған алғашқы қазақстандық спортшы атанды», - делінген хабарламада.

Ол бұған дейін 2022 (Ташкент) және 2024 (Абу-Даби) жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Айта кетерлігі, Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатына барлығы 93 елден 556 дзюдошы қатысып жатыр. Әлем біріншілігі 20 маусымға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Әбиба Әбужақынова алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының финалына шықты