Биологиялық өлім тіркелді: дәрігерлер шабуылшы Диас Төлеудің неден қайтыс болғанын айтты

17.10.2025 14:49

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, футболшы ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген

Алматыда бірінші лиганың футбол ойыны кезінде 19 жастағы шабуылшы Диас Төлеу кенеттен есінен танып, кейіннен қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» арасындағы матчтың 62-минутында ойыншы құлап, көп ұзамай оны дәрігерлер зембілмен алаңнан алып кетті. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, футболшы ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген.

«Қабылдау кезінде пациенттің тамыр соғысы мен артериялық қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, барлық қолданылған шараға қарамастан, өмірлік белгілерді қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді», – деді Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Диас Төлеу — алматылық «Қайрат» академиясының түлегі. Биылғы маусымда «Хан-Тәңірі» сапында 25 матч өткізіп, үш гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.

Өкінішке қарай, бұл соңғы бір айда қазақстандық футбол үшін үшінші мезгілсіз қаза. 23 қыркүйекте «Жеңіс» клубының 19 жастағы ойыншысы Виктория Қайсаринова тасжолда жол апатында жан тапсырған еді.

Ал 12 қазанда «Ақтөбе» ойыншысы Арон Мұсаұлы газдан тұншығып, көз жұмды. 

Оқи отырыңыз: Дастан Сәтпаев әлемнің ең талантты футболшыларының тізіміне кірді