Биыл Қазақстан аумағында жүзден астам спорт нысанын салу жоспарланып отыр

06.02.2026 17:51

2025 жылы елімізде 147 спорт нысаны пайдалануға берілген

Аlmaty.tv

Туризм және спорт министрлігі ел аумағында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство мәліметінше, биыл республика бойынша 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мәселен биыл Тараз қаласының Ұлы Дала шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қызылорда қаласында «Қызылорда Арена» спорт кешені, Жаңаөзен қаласында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы аяқталады.  Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2026 жылдың бірінші тоқсаны.

"Ал Алматы қаласында Медеу мұз айдынын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Бұл жобалар халықтың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап, кәсіби спортты дамытуға серпін беруге бағытталған.

Айта кетейік, 2025 жылы елімізде 147 спорт нысаны пайдалануға берілген. Аталған нысандардың 100-ден астамы ауылдық жерлерде, ал 40-қа жуығы қалалық аймақта салынды. Ірі жобалар қатарында Түркістан қаласындағы ескек есу арнасы мен Қызылордадағы «Қайсар Арена» стадионы бар.

Оқи отырыңыз: XXV қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді