Үлкен үміт: Италиядағы Олимпиадада Қазақстанға алтын әкелуі мүмкін спортшылар

116 жүлде сарапқа салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында қазақстандық спортшылардың Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында 6–22 ақпан аралығында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, жарыстарға 93 елден шамамен 3 мың спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жалпы 116 жүлде жиынтығы ойнатылады. Қазақстанның ұлттық құрамасы 10 спорт түрі бойынша 58 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды.

Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

«Салтанатты ашылу рәсімі 6 ақпанда Милан қаласында өтеді, ал жабылу рәсімі 22 ақпанда Верона қаласында жоспарланған. Ойындар бағдарламасын алғаш болып конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшылары бастайды. Ал соңғы кезеңде тау шаңғысы жарыстары өтеді», — деп нақтылады Ербол Мырзабосынов.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында Қазақстанды XXV Қысқы Олимпиада ойындарында қанша спортшы таныстыра алатынын да айтты.

Оның сөзінше, болжам бойынша ұлттық құрамада шамамен 35 спортшы болады. 2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан 34 спортшы қатысқан.

«Қазіргі таңда мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың екі жеке ресми олимпиадалық лицензиясы бар. Сонымен қатар шорт-трек бойынша 9 және конькимен жүгіру спортынан 12 лицензия жеңіп алынды», — деді Ербол Мырзабосынов.

Министр елде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі белсенді дамып жатқанын атап өтті. Оларды тұрақты дамыту және олимпиадалық резерв дайындау мақсатында спорт инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда елде қысқы спорт түрлеріне арналған 1 262 спорт нысаны жұмыс істейді.

Қалыптасқан инфрақұрылым қысқы спорт түрлерімен айналысудың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, олардың бұқаралық сипат алуына ықпал етуде.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында XXV Қысқы Олимпиада ойындарында көшбасшылар қатарына енуі мүмкін қазақстандық спортшыларды да атады.

Оның айтуынша, республикалық федерациялармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп әлемдік рейтингтің алдыңғы қатарынан көрінуге әлеуеті бар спортшылар командасы іріктелген.

Бұл тізімге халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарында түрлі деңгейдегі жүлделерді жеңіп алған спортшылар енген.

Олардың қатарында фристайл-могулдан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко бар.

Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алса, Софья Самоделкина әйелдер арасындағы Гран-при кезеңінде Қазақстан тарихындағы алғашқы күміс медальге қол жеткізді.

Шорт-трекші Денис Никиша 2024 жылғы әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алып, бұл жетістігін 2025 жылы қайта қайталады.

Конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогы кезеңдерінде екі алтын медаль иеленді.

2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан алтын медаль жеңіп алып, Қытайдың екі фаворит командасын артта қалдырды.

«Нәтижені қамтамасыз ету мақсатында министрлік спорт федерацияларымен бірлесіп ұлттық құраманы дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі. Жоспар аясында оқу-жаттығу жиындары, медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қамтамасыз ету, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс ұйымдастырылды. Сапалы дайындық үшін қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты», — деп толықтырды Ербол Мырзабосынов.

Новости партнеров