Премьер-министр Қазақстан құрамасын қолдауға қатысты нақты тапсырмалар берді

UKIMET
UKIMET

Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамыту үшін бюджеттен тыс қаражат тарту қажеттігі атап өтілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министр Олжас Бектенов байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын атап өтіп, осыған байланысты барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет екенін айтты. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ол салалық мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігі Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етуі тиіс. Премьер-министр түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, қажетті жабдықтармен қамту, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін жедел түрде реттеудің маңызын атап өтті.

Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты көмек көрсету тапсырылды. Сонымен қатар бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов келешегі бар спортшыларға көрсетілетін қолдау шаралары нақты әрі ашық болуы тиіс екенін айтып, бұл бағытта министрліктердің, федерациялар мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдар басшылары тікелей жауапты болатынын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамыту үшін бюджеттен тыс қаражат тарту қажеттігі атап өтілді.

Бұдан бөлек, Туризм және спорт министрлігі Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық команданың қысқы Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын күшейтуі керек. Премьер-министр паралимпиада спортшыларының ірі халықаралық жарыстарға қатысуы өршіл рух пен төзімділікті тәрбиелеу, сондай-ақ инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау тұрғысынан маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, тиісті ақпараттық қолдауды қамтамасыз етіп, қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарындағы жарыстарының телевизиялық трансляциясын ұйымдастыруы тиіс. Ойындар қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерге әділ баға беріп, жан-жақты талдау жүргізу және олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Жалпы бақылау және үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.

Оқи отырыңыз: Үлкен үміт: Италиядағы Олимпиадада Қазақстанға алтын әкелуі мүмкін спортшылар

Новости партнеров