Чемпиондар лигасы Алматыда: жанкүйерлер «Қайраттан» жеңіс күтеді

21.10.2025 21:23

Ойыншылардың дайындығы екі команда үшін де өте маңызды

Футбол мерекесі Алматыға қайта оралды. Бүгін Чемпиондар лигасы аясында жергілікті "Қайрат" футбол клубы кипрлік "Пафосты" қабылдайды. Астана уақытымен 21:45-те басталатын матчты тамашалау үшін жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Аlmaty.TV тілшісі Орталық стадионнан тікелей байланысқа шығып, ондағы атмосфераны айтып берді.   

Бүгін Алматыда футбол тойы. Чемпиондар лигасы қайта орталды. Айтулы кездесудің қарсаңында 23 мыңға жуық жанкүйерді құшағына сыйдыратын Орталық стадиондағы атмосфера ерекше!

Әрине, испаниялық алпауыт «Реал Мадридпен» болған сол тарихи матчтағыдай толассыз адам легі байқалмайды. Себебі түсінікті, Кипр чемпионы «Пафос» та тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Соған қарамастан, стадион төрінде ұрандатқан, «Қайраттың» айнымас жанкүйерлері бүгінгі ойында «олардың сенімі нық, жергілікті команда өз алаңында жеңісті жұлып алады» деп үміттенеді.

«Мен Атырау қаласынан бүгінгі матч үшін арнайы келдім. Бүгін «Қайрат» командасы бар күшін салып, жеңіске қол жеткізеді деп ойлаймыз. Өйткені тең нәтиженің өзі көңіл көншітпес еді. Бір айта кетерлігі, жанкүйерлер саны көп емес екен. Бұған бүгінгі матч билетінің тым қымбат болуы себеп шығар», - дейді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Темірлан.

Ойыншылардың дайындығы екі команда үшін де өте маңызды. Қайрат тарихи жеңіс сыйлай ала ма?

Айта кетейік, Кипр чемпионы «Пафос» та тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Өткен маусымда ел чемпиондығын жеңіп алған команда чемпиондар лигасындағы алғашқы екі турда бар болғаны бір ұпай еншіледі. «Олимпиакоспен» тең түскен кипрліктер, мюнхендік «Баварияның» қарқынына төтеп бере алмай, 1:5 есебімен тізе бүкті. Ал қазақстандық клубтың қоржынында әзірге ұпай жоқ. Себебі сырт алаңда Португалияның «Спортингінен» 1:4, ал өз алаңында испандық «Реалдан» 0:5 есебімен жеңіліске ұшыраған болатын.

«Бүгінгі ойында «Қайрат» қайтсе де барын салып, жеңіске жетуі тиіс. Өйткені «Пафостан» ұтылсақ, ары қарай топтық кезеңге шығуды ұмыта беруге боламыз. Жанкүйерлердің де талабы осы. Дегенмен бүгінгі матч қиын болуы мүмкін, өйткені «Пафос» жабық команда әрі мықты ойнайды. Дегенмен «Қайрат» жеңіске жетеді деп үміттенеміз», - деді спорт комментаторы Рауан Оқас.

Асыл Махметов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Қайрат" пен "Пафос" матчы қарсаңында баспасөз мәслихаты өтті