Denis Ten Memorial Challenge 2026: Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі аяқталды

12.10.2026 15:25

Жарысқа 20-дан астам елден 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы «Халық арена» мұз айдынында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне арналған мәнерлеп сырғанаудан VIII халықаралық Denis Ten Memorial Challenge 2026 турнирі аяқталды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарысқа 20-дан астам елден 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысты. Төрт күнге созылған турнирді 10 мыңға жуық көрермен тамашалады. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты.

Спортшылар ересектер мен жасөспірімдер арасында ерлер және әйелдер арасындағы жеке сырғанаудан, сондай-ақ мұз үстіндегі биден жүлделерді сарапқа салды. Турнир 2026/2027 маусымындағы ISU Challenger Series халықаралық жарыстар сериясы аясында өтті.

Қазақстан өкілі Софья Самоделкина әйелдер арасындағы жеке сырғанаудан қола медаль иеленді. Ол екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинады. Бірінші орынды 226,01 ұпаймен Александра Игнатова иеленсе, Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ 209,20 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ерлер арасындағы жеке сырғанаудан Владислав Дикиджи 312,79 ұпаймен жеңіске жетті. Екінші орынды 277,23 ұпаймен Глеб Лутфуллин иеленсе, үшінші орынға 261,76 ұпай жинаған Пётр Гуменник тұрақтады.

Мұз үстіндегі биден Финляндия өкілдері Юлия Турккила мен Маттиас Верслуйс 191,32 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде 187,20 ұпай жинаған Василиса Кагановская мен Максим Некрасовқа бұйырды. Ал 180,37 ұпаймен америкалық Кэролайн Грин мен Майкл Парсонс қола медальді місе тұтты.

Жасөспірімдер арасында жеке сырғанаудан Арсений Федотов пен Алиса Зайкина жеңімпаз атанды. Жасөспірімдер арасындағы мұз үстіндегі биден Мария Фефелова мен Артём Валов бірінші орын алды.

Жарыс бағдарламасына халықаралық мәнерлеп сырғанау өкілдерімен баспасөз конференциясы мен кездесу де енгізілді. Оларға Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы әрі жаттықтырушы Брайан Орсер, француз мәнерлеп сырғанаушысы Мари-Пьер Лерэ және Еуропа чемпионы Дмитрий Алиев қатысты.

Турнир «Естелігі өшпейтін мұз» («Лёд, который помнит») атты гала-шоумен түйінделді. Мұз айдынына жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, арнайы шақырылған мәнерлеп сырғанаушылар және Денис Тен академиясының тәрбиеленушілері шықты. Бағдарламада әсерлі қойылымдар қойылып, музыкалық қойылым мен әуе акробатикасы ұсынылды, қазақстандық спортшының рухына арналған шығармалар орындалды.

Denis Ten Memorial Challenge турнирі Денис Теннің спорттық мұрасын сақтауға және жас мәнерлеп сырғанаушыларға халықаралық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік беруге бағытталған. Мұндай жарыстар Алматыда мәнерлеп сырғанаудың дамуына серпін беріп, отандық және шетелдік спортшылар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Турнирді Алматы қаласы әкімдігінің және бас демеуші – Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ да қолдау көрсетті.

Оқи отырыңыз: Алан Құрманғалиев күміс жүлдегер атанды

Толық көрсету