Джиу-джитсудан әлем чемпионатында бір отбасында бес бала жетістікке жетті

29.11.2024 16:49

Отбасының тұңғышы Адия, Әмір және Арғын алтын, Амила мен Әсия күміс медаль иеленді

Almaty.tv

Джиу-джитсу тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға! Бір әулеттің бес бірдей баласы әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, тарихи жетістікке жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оспановтар әулеті джиу-джитсудан көптеген дүбірлі додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Отбасының тұңғышы Адия, Әмір және Арғын алтын медаль иеленіп, ерекше шеберлігін дәлелдесе, Амила мен Әсия әртүрлі салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Олардың мұндай жетістікке жетуінің құпиясы – отбасы мүшелерінің бірлігі мен ортақ мақсатқа ұмтылысы. Бес баланың барлығын әкесі кішкентай кезінен спортқа баулып, тәртіп пен төзімділіктің маңызын үйреткен.

"Мен өте қуаныштымын. Жарыста ағам және менің сіңлілерім болды", – деді Джиу-джитсудан әлем чемпионы Адия Оспанова.

" Жарыста балаларымды қолдаймын деп дауысым қарлығып қалды. Жанкүйер де болдым, секундант та болдым. Бұл турнирге тыңғылықты дайындалдық. Салмақ қудық. Шыны керек қиын болды. Балаларым – менің мақтанышым. Жеңсін, мейлі жеңілсін кез келген әке өз перзентімен мақтанады. Спорт баланың тұлға ретінде қалыптасып, мақсатқа деген ұмтылысын оятады. Тәртіпті орнатады", – деді чемпиондардың әкесі Ардақ Оспанов.

Бәсекеге толы турнирге әлемнің 137 елінен 14 мыңға жуық спортшы қатысты. Жарыс барысында отандық спортшылар түрлі елдің өкілдерімен белдесіп, шеберлік пен төзімділіктің жоғары деңгейін көрсетті. Әулет мүшелері чемпионатқа тыңғылықты дайындалған. Олардың сөзінше, күн сайынғы жаттығулар мен қатаң тәртіп жетістікке жетудің басты жолы болған. Бапкердің айтуынша, бауырлардың бір-біріне деген қолдауы ерекше рөл атқарған.

"Жарыс алдында балалардың құлшынысын арттырып, қолдап отырамыз. Спортшылар  өте жақсы нәтиже көрсетті. Мен апарған 16 баланың 13-і ақтық сынға шықты", – деді жаттықтырушы Райымбек Ержан.

Бұл жеңіс – тек бір әулеттің емес, Қазақстанның жетістігі. Бапкердің сөзінше, болашақта жас өрендеріміз Республика чемпионатында өнер көрсетіп, Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап, абыройын асқақтатады.

Еркебұлан Серікұлы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Головкин Қазақстан спортын дамытудағы жаңа мүмкіндіктерді атады