Бүгінге дейін саңлақтарымыз 16 олимпиадада бақ сынап, 86 медаль жеңіп алған
Егемен ел атанған сәттен бері Қазақстан әлемдік спорт аренасында өзіндік өрнегін қалыптастырды. Байрақты бәсекелерде еліміздің аты жиі аталып, жеңіс тұғырынан түскен емес. Ең мәртебелі олимпиада ойындарында да ел үмітін ақтап келеді. Осы уақытқа дейін спорт саңлақтарымыз 16 олимпиадада бақ сынап, жалпы саны 86 медаль жеңіп алған. Сондай-ақ тарихта алғаш рет қазақстандық футбол клубы Еуропаның ең беделді додасына жолдама алып, ел беделін асқақтатты. Тәуелсіздік алғалы спорт саласы қалай түледі? Қандай елеулі оқиғалар ел жадында қалды? Аlmaty.TV тілшісі Мәди МӘЛІК шолу жасап көрді.
Спорттың ең биік шыңы – олимпиада ойындары. Жер шарындағы мыңдаған саңлақ дәл осы тұғырға көтерілу үшін тер төгіп, жеңіс жолында барын салады. Еліміздің спортшылары да егемендік алғалы бері қысқы және жазғы олимпиадаларға 16 рет қатысып, жалпы саны 86 медаль еншіледі.
Ал егемендік жылдарында Қазақстан боксы ел намысын асқақтатқан ең табысты спорт түріне айналды. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Василий Жиров жеңіс тұғырына көтеріліп, күллі жұрттың қуанышын еселеді. Ал 2000 жылы Сидней төрінде Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимовтың алтын жүлделері тәуелсіз ел спортындағы ұмытылмас тарихи белеске айналды. Бұл дәстүрді жалғаған Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев сынды былғары қолғап шеберлері де олимп биігін бағындырды. Сонымен қатар Геннадий Головкин әлемдік кәсіпқой бокста зор табысқа жетсе, Жәнібек Әлімханұлы қазақ боксының даңқын асқақтатып жүр.
«35 жыл ішінде Қазақстанның құрама командасы бокстан талай белесті бағындырды. Мәселен, олимпиада ойындарында 7 алтын медаль, ал әлем чемпионаттарында 20-ға жуық алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстанның спорттағы зор жетістігі мен айрықша үлесі», – деді Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов.
Қазақстан футболы да егемендік алғалы 35 жылда күрделі жолдан өтіп, азиялық аренадан еуропалық кеңістікке бет бұрды. 2002 жылы Қазақстан УЕФА құрамына өтті. Бұл еуропалық деңгейде сынға түсуге мүмкіндік ашты. Әзірге әлем және Еуропа чемпионатына жолдама алу бақыты бұйырған жоқ.
«Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде ұлттық құрамамыз тамаша нәтиже көрсетті. Данияны жеңдік, сырт алаңда Финляндия құрамасын ұттық. Жалпы Еуроға шығуға бір-ақ қадам қалған еді. Соңғы плей-офф кезеңіне де өттік. Ал Ұлттар лигасында топтық кезеңді жеңіп шықтық. Сондықтан бұл жетістіктер Қазақстан футболына жаңа серпін бергендей болды», – деді спорт сарапшысы Дидар Есімов.
Дегенмен клубтық деңгейде де ел футболы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» Еуропа Лигасының топтық кезеңіне алғаш рет жол ашса, 2015 жылы елордалық «Астана», ал биыл алматылық «Қайрат» тарихында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алып, жаңа белеске көтерілді. Әлемнің азулы ұжымы мадридтік «Реал» оңтүстік астана төріне ат басын бұрып, қазақ футболының мерейін асырды.
«Биыл «Қайраттың» өрлеуі – нағыз футболдық бум деуге болады. Команданың Чемпиондар лигасындағы жетістігінен кейін Көкшетауда «Оқжетпеске» қарсы өткен матчта трибуналар лық толды, аншлаг болды. Енді алда «Астанаға» қарсы ойын өтпек, оған да билетке сұраныс жоғары. Адамдар онлайн кезекте тұрды. Чемпионаттың өзінде 7-8 мың жанкүйердің билет алу үшін кезекке тұруы футболдағы нағыз серпіліс екенін көрсетеді. Ендігі мақсат – сол жетістікті сақтап қалу», – деді спорт сарапшысы Есет Төлеш.
Ал грек-рим күресі – егемен Қазақстанға алғашқы Олимпиада алтынын сыйлаған даңқты спорт түрі. 1996 жылы Атланта төрінде Юрий Мельниченко 57 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, көк туымызды көкте желбіретті. Сол сәттен бастап қазақ балуандары әлем аренасында айбынды атын қалыптастырды. Афина мен Бейжің боз кілемдерінде де отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін өсірді. Ал Айдос Сұлтанғали – XXI ғасырдағы алғашқы әлемдік алтынның иесі әрі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы төртінші әлем чемпионы атанды.
«Грек-рим күресінде көптеген жетістік бар. Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ әлем және Азия ойындарының жүлдегерлері ел намысын абыроймен қорғап, алтын медальдар алып келуде. Соңғы 28 жылдың ішінде Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл да мемлекет тарапынан осы спорт түріне көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде мықты спортшылардың өсіп келе жатқанын дәлелдейді», – деді Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев.
Егемендіктің 35 жылында Қазақстан спорт сахнасында талай белесті бағындырды. Бұл тек нәтижелер тізбегі емес, жүйелі дамудың жемісі. Инфрақұрылымның жаңаруы, қаржыландырудың күшеюі, білікті мамандарды даярлау және бұқаралық спортты өрістету сынды бағыттардың арқасында ел спорты бүгін халықаралық аренада лайықты беделге ие болды.
Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Медицинаның жаңа дәуірі: Алматы – саланың серпінді дамуына тірек болған шаһар