Елімізде жаңадан 12 футбол стадионы салынбақ

10.12.2024 14:18

Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылады

Peter Glaser/unsplash.com/

Елімізде жаңадан 12 футбол стадионы салынбақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Министрлік республика бойынша барлық спорт нысанына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6 100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1 200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылады.  Елімізде 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарлануда. Осылайша, барлық стадиондарды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілетін болады", — деді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекіткенін атап өтеді.

"Стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған", — деді Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда Орталық стадионға трансферлер ұйымдастырылады