Қазіргі таңда бұл спорт түрі елде кешенді түрде 16 өңірде дамып келеді
Елімізде мәнерлеп сырғанаумен тұрақты түрде айналысатындар саны жыл сайын артып, бүгінде 2 700 адамға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстандық мәнерлеп сырғанау одағының вице-президенті Мұракерім Бұрхан мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол спорт түрі елдің 16 өңірінде кешенді дамып келе жатқанын атап өтті. Жасөспірімдер спорт мектептеріндегі балалар саны 1 мыңнан асып, жаттықтырушылар саны да 70-тен асты.
Қазақстан аумағында мәнерлеп сырғанаумен айналысуға арналған 26 мұз аренасы жұмыс істейді. Оның 5-еуі халықаралық стандарттарға сай: «Алматы Арена», «Халық Арена», «Барыс Арена», «Қарағанды Арена» және Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы.
Мәнерлеп сырғанауда халықаралық аренада есімізге бірінші келген спортшылар — Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, Михаил Шайдоров. Сонымен қатар әр жылдары Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаған көптеген спортшылар бар. Дегенмен, әр спорттың ең биік шыңы — Олимпиада ойындары. Төрт жылда бір келетін төрткүл дүниенің додасына Тәуелсіз Қазақстан бес рет қатысты. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола медаль жеңіп, тарих жасады, — деді Мұракерім Бұрхан.
2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстанның намысын мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина қорғайтыны хабарланды.