Қазақстан прокуратурасының 35 жылдығы: Алматыда өңіраралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды

Бәсекеге сала басшылары мен ардагерлері де шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан прокуратурасының 35 жылдығына орай Алматыда өңіраралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Екі күнге жоспарланған жиынға еліміздің бірнеше өңірінен келген прокуратура қызметкерлері қатысып, спорттың түрлі бағыттары бойынша өзара сынға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бағанашыл» спорт кешенінде өтіп жатқан жарысқа Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының прокуратура командалары, сондай-ақ Бас әскери және Бас көлік прокуратурасының өкілдері қатысты. Бәсекеге сала басшылары мен ардагерлері де шықты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер прокуратура органдары қызметкерлерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Мерейтойлық іс-шараның екінші күні ғылыми-танымдық бағытта жалғасады. Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында өтетін конференцияда сала мамандары кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.

«Спорттық іс-шара прокуратура органдары қызметкерлерінің басын қосу мақсатында арнайы ұйымдастырылып отыр. Екінші күні Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында ғылыми конференция өтеді. Оған да бес өңірден келген прокуратура органдарының басшылығы қатысады», – деді қала прокурорының көмекшісі Райымбек Шәріпбаев.