Қазақстандық пара спортшылар Азия ойындарында тағы бірнеше медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы медаль саны 41-ге жетті
Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бірнеше жүлдемен толықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық олимпиала комитетінен хабарлағандай, Жанбота Аманжол J2 санатында 95 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Садақ атудан ерлер арасында Нұршат Төлеуқасым W1 санатында Таиланд спортшысы Супхават Самутчайякиджді 6:2 есебімен жеңіп, қола медаль қанжығасына байлады.
Ядро серпуден F36 санатында Дастан Мұқашбеков пен Иван Зелезняк ел намысын қорғады. Дастан 15.47 метр нәтижемен күміс, Иван 12.71 көрсеткішімен қола медаль алды.
Пара үстел теннисінен Марат Суртубаев пен Алтынай Ержанқызы қола медаль жеңіп алды.
Аралас жұптық сында XD20 класы бойынша өткен жартылай финалдық кездесуде қазақстандық спортшылар Гонконг өкілдері Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламға 0:3 есебімен есе жіберді. Кездесудің үш сеті 7:11, 4:11 және 8:11 есебімен аяқталды.
Осылайша, ұлттық құрама қоржынында 41 медаль бар: 10 - алтын, 12 - күміс, 19 - қола.
Оқи отырыңыз: Кітап оқу қайтадан сәнге айналды: Алматыда мыңға жуық жас флешмобқа қатысты