Қолдарына гүл алып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жұрт әуежайға жиналды
Пара олимпиада ойындарының жүлдегерлері елге оралды. Бүгін Алматы Халықаралық Әуежайында ел мерейін асқақтатып, көк туымызды көкке көтерген спортшыларды қалың көпшілік ерекше құрметпен қарсы алды. Жапонияның Нагоя қаласында өткен V Азия пара ойындарына елімізден 150 спортшы қатысқан еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қолдарына гүл алып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жұрт әуежайға жиналды. Олар Азия Параойындарында ел мерейін асқақтатқан спортшыларды асыға күтіп тұр. Алматыға оралған спортшылар құр қол емес, 9 медальмен келді.
Нагоя қаласында өткен V Азия пара ойындарынына еліміздің атынан 150 спортшы қатысты. Олар бір апта парадзюдо, паравелоспорт, паражүзу сияқты 12 спорт түрінен жүлдеге таласты. Нәтижесінде, ұлттық құрама жалпыкомандалық медальдар кестесінде тоғызыншы орынға тұрақтап, 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль иеленді.
"Бұл спортқа келгеніме шамамен 13 жыл болды. Азия Параойындарында екі алтын медаль жеңіп алдық, бұған өте қуаныштымыз, керемет сезім. Алдағы уақытта да еңбектеніп, дайындықты жалғастырамыз. Негізгі мақсатымыз — Пара олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсету", - деп атап өтті V Азия Пара ойындарының чемпионы Руслан Әлиев.
Паравелоспорттан сынға түскен алматылық спортшылар да жарыста жоғары нәтиже көрсетті. Олар төрт алтын, төрт күміс, бір қола қанжығалады. Бапкерлерінің сөзінше, мұндай нәтиженің артында ұзақ дайындық пен жүйелі жұмыс тұр. "Әсіресе тандемдік велоспортта спортшы мен пилоттың үйлесімділігі маңызды. Көру қабілеті бұзылған спортшы мен велосипедті басқаратын пилот бір команда болып, әр қимылды дәл үйлестіруі керек," - дейді.
"Бұл — орасан зор еңбектің нәтижесі. Көру қабілеті жоқ спортшымен жұмыс істеумен қатар, тандемді басқаратын пилоттарды да мұқият таңдадық. Олар кәсіби велошабандоздар деңгейінде болуы керек. Ал параспортшының міндеті — пилоттың деңгейіне барынша жақындау. Біздің мақсатымыз — кәсібилік пен жеңіске деген құлшынысты біріктіру болды. Соның нәтижесінде жеңіске қол жеткіздік", - деді бас бапкер Николай Зайцев.
Алматыға олжалы оралған спортшылар енді алдағы жарыстарға дайындықты жалғастырмақ. Басты мақсат – халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсету.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков - Almaty TV телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне орай үстел теннисінен турнир өтті