Ақтық сында Руслан Курбанов италиялық спортшыны жеңді
Семсерлесуден Қазақстан құрамасының өкілі Руслан Курбанов Германияның Хайденхайм қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty.tv Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшы 1/32 финалда командаласы Эльмир Әлімжановты 15:14 есебімен ұтты. Одан кейін ол Венгрия өкілі Давид Нагиді 15:13, сондай-ақ, жапониялық Акира Коматаны 15:11 есебімен жеңді.
Ширек финалда Руслан Курбанов тағы бір қазақстандық семсерлесуші Никита Жулинскийден 12:11 есебімен басым түсті. Ал финалға жолдама алу үшін өткен кездесуде ол Нидерланд спортшысы Тристан Тюленді сенімді түрде жеңіп, матчты 15:9 есебімен аяқтады.
"Ақтық сында Руслан Курбанов италиялық Давиде Ди Веролиді 15:14 есебімен жеңіп, турнирдің жеңімпазы атанды", - делінген хабарламада.
Әлем кубогының бұл кезеңінде қола жүлдені Тристан Тюлен (Нидерланд) мен Мохамед Эльсайед (Мысыр) иеленді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан туы Олимпиада-2026 ашылу салтанатында көтерілді