Ұлттық құрамалардың шеруі бір мезетте бірнеше қалада өтті
Милан қаласындағы «Сан-Сиро» стадионында қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған шараға Қазақстанның ұлттық құрамасы да қатысты. Салтанат жергілікті уақытпен 20:00-де басталып, бұл Қазақстанда 7 ақпанға қараған түнгі 00:00-ге сәйкес келді. Олимпиадалық хартияға сай ашылу рәсімі көркем бағдарлама, спортшылар шеруі және Олимпиада алауын жағу рәсімін қамтыды. Шоудың негізгі тақырыбы ретінде екі қабылдаушы қала мен әлемдік мәдениеттің өзара байланысын білдіретін «Гармония» ұғымы таңдалды.
Салтанатты кеш барысында Италия өнеріне арналған ауқымды бағдарлама ұсынылды. Музыка, мүсін және сән өнерін біріктірген қойылым аясында әлемге әйгілі америкалық әнші Мэрайя Кэри итальян тіліндегі әсерлі ән орындады. Сонымен қатар Олимпиада сақиналарының пайда болуына дейін заманауи хореографиялық қойылымдар көрсетілді.
Айта кетейік, Милан мен Куршевель қалаларында ұйымдастырылып отырған Олимпиада-2026 ерекше форматымен ерекшеленеді. Ұлттық құрамалардың шеруі бір мезетте бірнеше қалада өтті. Қазақстан құрамасы әліпбилік ретпен 44-нөмірмен шықты. Ел туын шорт-тректен екі дүркін әлем вице-чемпионы Денис Никиша алып шықты. Миланда жарысқа түсетін конькимен жүру түрлерінің спортшылары да осы қалада шеру құрамында болды. Ал Ливиньода фристайлшылар делегациясын Универсиаданың вице-чемпионы Аяулым Әмренова бастап шықты. Кортина-д’Ампеццо мен Предаццо қалаларында қазақстандық шаңғышылар мен биатлоншылар шеруге қатысты.
Барлығы 92 елдің спортшылары қатысқан шеруден кейін көрермендер үшін мерекелік шоу жалғасын тапты. Олимпиада ойындарының ресми ашылуын Италия президенті Серджо Маттарелла жариялауы тиіс болды. Бұл ойындар Халықаралық Олимпиада комитетінің жаңа президенті Кирсти Ковентридің төрағалығымен өткен алғашқы Олимпиада саналады. Ашылу салтанатында сондай-ақ әйгілі италиялық әншілер Лаура Паузини мен Андреа Бочелли өнер көрсетті.
Оқи отырыңыз: XXV қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді