Қазақстан әйелдер құрамасы Muhamet Malo турнирінде 1-орын алды

01.03.2026 09:51

Жәмилә Бақбергенова алтын медаль жеңіп алып, турнир чемпионы атанды

Аlmaty.tv

Тирана қаласында (Албания) 26–28 ақпан аралығында өтіп жатқан күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, жалпы қорытынды:

  • Қазақстан;
  • Үндістан;
  • АҚШ.

Жарыстың үшінші күнінде аруларымыз бірнеше жүлдеге қол жеткізді. 72 кг салмақта Жәмилә Бақбергенова алтын медаль жеңіп алып, турнир чемпионы атанды.

Жартылай финалда тәжірибелі спортшы үндістандық Дикша Маликті 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Ал шешуші белдесуде қырғызстандық Нұрзат Нұртаевамен кездесіп, қарсыласын бірінші кезеңнің алғашқы жартысында 14:3 есебімен мерзімінен бұрын ұтты.

Осылайша, бұл жеңістің нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасының қоржынына турнирдегі үшінші алтын медаль түсті. 

Сонымен қатар Нилуфар Раймова (57 кг) қола жүлдеге ие болса, 76 кг салмақта Гүлмарал Еркебаева да үшінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, додаға әйелдер арасында 22 мемлекеттен 107 спортшы қатысты.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады