"Қайрат" Чемпиондар лигасында алғашқы ұпайын еншіледі

Қазақстандық команда кестеде үш сатыға көтерілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайрат Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. Орталық стадионда Кипрдің «Пафосына» қарсы өткен ойын тең нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Біздің жігіттер тоқсан минут бойы 10 ойыншымен ойнаған қарсыластың қақпасынан саңылау таба алмады. Десе де, қоржынға түскен бір ұпайдың арқасында «Қайрат» турнир кестесіндегі соңғы 36-орыннан 33-орынға көтерілді.

Алматының орталық стадионында өткен ойын өте тартысты басталды. Төртінші минутта дөрекілік танытқан «Пафос» шабуылшысы Жуан Коррейа қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Қайраттықтар бірден басымдыққа ие болып, қарсыласты қыспаққа алды.

Көбірек допқа иелік еткені болмаса, алматылық ұжым бірінші таймда да, екінші таймда да гол сала алмады. Есесіне, кипрліктердің қорғана жүріп жасаған қарсы шабуылдары әлдеқайда қауіпті болды. Бұл ретте қақпашы Темірлан Анарбековтың ерлігін ерекше атап өткен жөн.

Тоқсан минут бойы мықтыны анықтай алмаған қос ұжым тең тарқасып, қоржынға бір-бір ұпайды салды. Соның нәтижесінде «Қайрат» турнирлік кестеде 33-орынға, ал «Пафос» 26-орынға көтерілді. Алматылықтар келесі ойынды сырт алаңда Италияның «Интеріне» қарсы өткізсе, «Пафос» испанияның «Вильярреалын» қабылдайды.

Асыл Махметов, Нұрлан Жорабай, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тегін ыстық тамақпен қанша оқушы қамтылды

Новости партнеров