«Қайрат» Еуропаның алпауыт клубтарымен күш сынасады: жеребе қашан тартылады

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Қайрат» кемінде сегіз ойында бақ сынайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық «Қайрат» футбол клубы тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері плей-офф кезеңінде Шотландияның 55 дүркін чемпионы «Селтикті» пенальти сериясында тізе бүктіріп, ел футболының жаңа тарихын жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тарихи ойын дәл осы әуенмен басталды. 90 минут бойы қос команда толассыз шабуылдады. Жанкүйерді серпілтіп, гол салатын сәттер көп болды. Бірақ негізгі уақыт та, экстра тайм да есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Ал қазақ футболындағы тарих дәл осы жерде қайта жазылды.

Құшағына 23 800 жанкүйерді сыйғызатын Орталық Стадионда тарихи сәтке куәгер болдық. Қайрат футбол клубы Селтикті пенальти сериясында 3-2 есебімен жеңіп, плей офф кезеңінен өтті. Енді негізгі кезеңде испаниялық Реал Мадрид, франциялық ПСЖ сынды командалармен текетіресетін болады. Чемпиондар лигасы тек қана Алматыға оралған жоқ, Қазақстанға оралды.

Қазақстан жаңа футбол жұлдызын таныды. Жас қақпашы Темірлан Анарбеков жанкүйер сенімін ақтап қана қоймай, оны еселеп артығымен қайтарды. Қосымша уақытта шеберлігін паш еткен ол, пенальти сериясында үш бірдей соққыны қайтарды. Қақпаның алдында тас қамалдай тұрған Анарбеков «Қайратты» Еуропаның ең беделді турнирына алып шықты.

«Бүгін – тарихи күн, ерекше толқып тұрмыз. Інілеріммен бірге стадионға келдік.  Темірлан пенальтиді қайтарғанда дұғамызды оқып, тілеуін тілеп отырдық. Шын ерекше қуаныштымыз! Бұл  – тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі!» – деді жанкүйер Ернар Алмабек.

 «Тамақ жырылғанша айғайладық. Қиын сәттер болды. Уайымдадық. Соңғы қосымша уақытта кәдімгідей толқып отырдық», – деді жанкүйер Дәулет Майемеров.

Жеңістен кейін Алматы футбол мерекесін түнімен тойлады. Қала көшелері жасыл-сары туға оранып, көліктер сигнал беріп, жанкүйерлер сүйікті әндерін шырқады. Әлеуметтік желілерде шын жүректен шыққан құттықтаулар толастамады. Тіпті Еуропада доп тепкен қазақстандық футболшылар да «Қайраттың» жетістігін бөлісіп, қуанышқа ортақтасты.

«Бүгінгі ойын керемет болды. Маған қатты ұнады. Қонаққа барып 0-0 ойнап келгендей, мықты ойын көрсеттік. Пенальти сериясына жеттік, Темірлан үшін уайымдап тұрдым. Бірақ ол өзін дәлелдеді. Рақмет айтамын! Қайраттың жеңісі – бүкіл Қазақстанның жеңісі!» – деді жанкүйер Ерлік Нұрманов.

«Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде кемінде сегіз ойында Еуропаның алпауыт клубтарымен күш сынасады. Жеребе 28 тамызда тартылады. Ал бүгінгі тарихи жеңіс — тек бір клубтың емес, күллі қазақ футболының ортақ мерекесі.

Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Чемпиондар лигасы: "Қайраттың" тарихи жеңісі қанша табыс әкелді

Новости партнеров