Сондай-ақ қыздар құрамасы қола жүлдеге ие болды
Қазақстан спортшылары әлемдік аренада тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатты. Отандық садақшы Ильфат Абдуллин Словенияның Камник қаласында садақ атудан өткен беделді халықаралық Veronica's Cup турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Отандасымыз классикалық садақ атудан жекелей сында жоғары шеберлік пен темірдей төзімділік танытып, финалға дейін сенімді жетті. Бас жүлде сарапқа салынған шешуші әрі тартысты бәсекеде Ильфат Абдуллин Үндістанның мықты спортшысы Сачин Гуптамен шеберлік байқасты. Тартысты өткен кездесуде қазақстандық мерген дәлдік танытып, қарсыласын 6:4 есебімен қапы қалдырды. Осылайша, ол турнирдің алтын медалін қанжығасына байлады.
Айта кету керек, бұл турнирде Қазақстан құрамасы тек бір жүлдемен шектелген жоқ. Біздің мерген қыздарымыз да блоктық садақ атудан командалық сында үздіктер қатарынан көрініп, қола медаль иеленді. Ел намысын қорғап, тұғырдан көрінген үздік үштіктің қатарында Әділ Жексенбинова, Роксана Юнусова және Виктория Лян бар.
Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын Еуропа төріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймыз және алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Оқи отырыңыз: 2026 жылдың маусымында қазақстандықтар қалай демалады