Алматының Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында медиа-баскетбол турнирі өтіп жатыр. Чемпиондық атақ пен 10 миллион теңгелік жүлде қоры үшін блогерлер, әртістер мен спортшылардан құралған 8 команда бақ сынауда. Заманауи 3×3 форматында өтетін «HLM», «Toktar Team», «Say Mo Team» бастаған ұжымдардың тартысты бәсекесі екі күнге созылады.
«Турнирдің басты мақсаты — түрлі сала мамандарын бір командаға біріктіріп, әр қатысушыға алаңда өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар ойын барысында жаңа адамдармен танысып, кәсіби байланыс орнатып, осы үдерістің барлығын медиа кеңістікте көрсету көзделген», – деді «Media Basket Almaty» турнирінің ұйымдастырушысы Шыңғыс Маманов.
«Қазақстанда, тіпті Орталық Азияда алғаш рет медиа-баскетбол лигасы бастау алды. Бұл – кәсіби командалар қатысатын нағыз лига. Әр команданың тізгінін блогер, өнер иесі немесе қоғамға танымал медиа тұлға басқарады. Оған кәсіби спортшылармен қатар, түрлі сала өкілдері де қатысып, өзара бақ сынайды», – деді «Media Basket Almaty» турнирінің ұйымдастырушысы Евгений Булатов.
.Баскетбол матчтарымен қатар, көрермендерге арнайы музыкалық бағдарлама мен интерактивті шоу ұсынылады. Сондай-ақ сахнада «Moreart», «Hatiko Ali», «Kali» және «Renaldi» сияқты танымал орындаушылар өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа форматтағы бұл турнир елдегі медиа-баскетболдың негізін қалап, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.
«Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары, алаңы да талапқа сай. Алғашқы күн болғанына қарамастан, көрермендердің шамамен 50 пайызы жиналып үлгерді. Мұнда блогерлер, өнер иелері мен музыканттар да бар. Меніңше, мұндай іс-шараларды елімізде жиі өткізу керек. Себебі спортты жақсы көретін, бірақ кәсіби түрде айналыса алмайтын адамдарға кәсіби спортшылармен бірге алаңға шығып, өзін сынап көруге жақсы мүмкіндік береді», – деді жанкүйер Расул Мұхаммад.
Оқи отырыңыз: Жұлдыз Сүлейменова Спорт күніне орай педагогтерді марапаттады