Михаил Шайдоровқа бір күнде қандай қымбат сыйлықтар тарту етілді

Михаил Шайдоров – Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген тұңғыш спортшы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында топ жарып, ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын алған Михаил Шайдоровқа құрмет ретінде бірқатар бағалы сыйлықтар табысталды. Чемпионның тарихи жеңісі қазақстандықтарды ғана емес, танымал тұлғалар мен кәсіпкерлерді де бейжай қалдырмады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Димаштан – темір тұлпар

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген спортшыны әлеуметтік желі арқылы құттықтап, оның табандылығы мен мұз үстіндегі өнерін ерекше атап өтті. Өнер иесі Олимпиада чемпионына құрмет ретінде автокөлік сыйлайтынын мәлімдеді.

«Мишабай, бауырым! Олимпиада алтыны құтты болсын! Машина менің мойнымда», – деген әнші бұл жеңістің күллі ел үшін үлкен мереке екенін жеткізді.

Кәсіпкерден – чемпионның әкесіне Audi Q8

Қазақстандық кәсіпкер Арсен Томский де чемпионға құрмет көрсетіп, оның әкесі Станислав Александровичке Audi Q8 автокөлігін сыйға тартатынын жариялады. Көлік Алматыдағы автосалонда иесін күтіп тұрғаны айтылды.

Кәсіпкердің сөзінше, Михаилдың әкесі ұлының арманы үшін кезінде өз көлігін сатып жіберген. Сондықтан бұл сыйлық – ата-ананың еңбегіне деген алғыс пен ризашылықтың белгісі.

Астанадан – үш бөлмелі пәтер

Сонымен белгілі қатар құрылыс компаниясы Олимпиада чемпионына Астана қаласындағы Есіл өзені жағалауында орналасқан New City Life тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сыйлады. Компания өкілдері бұл тартуды ел абыройын асқақтатқан спортшыға деген құрмет ретінде бағалады.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров – Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген тұңғыш спортшы. Оның жеңісі отандық қысқы спорттың жаңа кезеңін бастап берді. Чемпионға көрсетілген құрмет пен сый-сияпат – елдің ортақ қуанышы мен ризашылығының айқын көрінісі.

Оқи отырыңыз: Алматы спортшысы ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтынын иеленді

Новости партнеров