Орталық стадионда футбол мерекесі: «Қайрат» швециялық клубты қабылдады
Алматылық «Қайрат» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңі аясында швециялық «Мьелльбю» клубын қабылдауға дайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан чемпионы бұған дейінгі үш кездесуде екі ұпай жинаған. Енді команда жанкүйерлерін жеңіспен қуантуды көздейді.
Ойын Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Кездесу басталмай тұрып-ақ мұнда футбол мерекесінің атмосферасы сезілді. Сары-қара жалаулар желбіреп, жанкүйерлер ән шырқап, сүйікті командасына қолдау білдірді. Стадионға жиналған көпшіліктің тілегі – «Қайраттың» жеңісі.
Жанкүйерлердің бірі Амандық Нұрғазы алматылық клубтың бүгінгі ойында жеңіске жететініне сенімді екенін айтты. Оның болжамынша, кездесу 3:1 есебімен аяқталып, алғашқы голды Гуаль соғуы мүмкін.
Ал Нұрсәт Нұрланов «Мьелльбюдің» мықты қарсылас екенін атап өтіп, «Қайрат» 2:1 есебімен жеңеді деп болжап отыр. Ол Марк Гоальдан гол күтетінін де жеткізді.
Алматылық клуб биыл еурокубоктың негізгі кезеңінде үшінші рет бақ сынап жатыр. Осы уақытқа дейін өткізген 17 кездесудің бесеуінде тең түсіп, 12-сінде қарсыластарына есе жіберген. Ал Конференция лигасының турнирлік кестесінде «Қайрат» 27-орында болса, швециялық ұжым тоғызыншы сатыға жайғасқан.
Футбол комментаторы Нұрасыл Ғамзатұлының пікірінше, «Қайраттың» жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Себебі Швеция чемпионаты аяқталғандықтан, «Мьелльбю» де қазір ойын тәжірибесінсіз қалып отыр.
«Швецияның 2025 жылғы чемпионы. Дәл қазіргі сәтте Швецияда чемпионат аяқталған, сондықтан тура «Қайрат» секілді «Мьелльбюде» қазір ойын практикасы жоқ. Бұл дегеніміз – «Қайратқа» жеңіске жететін жақсы мүмкіндік. Жора Арутюнянның шәкірттері жалпы еурокубок тарихындағы алғашқы жеңісіне жетуі әбден мүмкін. Оған қоса, үш ұпайға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. «Қайратқа» тек қана сәттілік тілейміз. Барша қазақ елі болып бүгін «Қайратты» қолдаймыз», – деді футбол комментаторы Нұрасыл Ғамзатұлы.
«Қайраттың» жалпы кезең аясында бұдан кейін тағы екі ойыны бар. Сондықтан бүгінгі кездесудегі үш ұпай алматылықтардың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін арттыруы мүмкін. Команданың жеңіссіз серияны тоқтата алатынын алаңдағы ойын көрсетті.