Павлодарлық спортшы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында «қола» жүлдегер атанды

24.08.2026 19:46
Фото жеке мұрағатынан алынды

Светлана Дымовских 35-39 жас аралығындағы әйелдер арасында 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден үшінші орын алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің әр елінен әртүрлі жас санатындағы спортшылар қатысуда.

Светлана Дымовских үшін әлем чемпионатына қатысу спорттық мансабындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Павлодарлық спортшы жеңіл атлетикамен айналысады. Ол – үш биатлоншының анасы. Спортшылар отбасында спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Светлананың жұбайы Александр – Қазақстанның тау велосипед спорты бойынша ұлттық құрамасының бас бапкері.

Спортшы әлем чемпионатына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның он дүркін чемпионы және ірі халықаралық жарыстардың жүлдегері Виктор Бондарьдың жетекшілігімен дайындалды.

Светлана чемпионаттың алғашқы күндерінде кедергілер арқылы жүгіруді таңдағанын айтты. Оның мақсаты – әлемдік додада бағын сынап қана қоймай, бұған дейін өзі орнатқан Қазақстан рекордын жаңарту.

"Мен жаңа жас санатына ауысып жатырмын. Сондықтан енді Азия рекорды үшін күрескім келеді. Стипль-чез – техникалық тұрғыдан өте күрделі спорт түрі, мұнда бар күшіңді жүз пайыз жұмсауға тура келеді. Осындай жарыстарға дайындалу үшін Павлодарда жағдай жасалса екен деймін", – дейді спортшы.

Оқи отырыңыз: VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кіру құны белгілі болды

Толық көрсету