VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кіру құны белгілі болды
Ойындар аясында көрермендер үшін ақылы және тегін іс-шаралар ұйымдастырылады
2026 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шараларына билеттердің бағасы белгіленді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ойындар аясында көрермендер үшін ақылы және тегін іс-шаралар ұйымдастырылады. Қырчын шатқалындағы мәдени және спорттық шараларға, сондай-ақ Құрманжан Датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығына кіру тегін болады. Ш.Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында, «Дордой Номад» амфитеатрында және Чолпон-Ата қаласының ипподромында өтетін мәдени шараларға билет құны 500 сом (шамамен 2 632 теңге) болады.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанатына билеттер орын санатына қарай сатылады:
- орталық жасыл сектордағы орындар — 4 000 сом (шамамен 21 000 теңге);
- ақ сектордағы стандартты орындар — 3 000 сом (шамамен 15 750 теңге);
- қызыл сектордағы стандартты орындар — 2 000 сом (шамамен 10 500 теңге);
- сары сектордағы эконом санатындағы орындар — 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге);
- көк сектордағы эконом санатындағы орындар — 500 сом (шамамен 2 625 теңге).
Сонымен қатар Чолпон-Ата қаласының ипподромына жақын орналасқан жаңа Кіші аренада өтетін көкпар мен көк-бөрі бойынша финалдық ойындарға билет құны 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге) болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда өткен турнирде қазақстандық теннисшілер жүлдегер атанды