Президент Елена Рыбакинаны Australian Open теннис турниріндегі жеңісімен құттықтады

31.01.2026 17:11

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады

Ұлттық олимпиада комитеті

Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны Australian Open теннис турнирінің финалындағы жеңісімен құттықтады,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Сізді спорттағы кезекті тамаша жетістігіңізбен – теннистен Австралия ашық чемпионатындағы керемет, айқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз жеңіске деген ерік-жігеріңіз бен мінсіз шеберлігіңізді тағы да дәлелдедіңіз, бұған бүкіл әлемнің теннис қауымдастығы сүйсіне қарады. Алдағы уақытта да ең беделді турнирлерде жеңіске жете беруіңізге тілектеспін! – делінген құттықтауда.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Аустралияның Мельбурн қаласында өткен Australian Open-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.

Финалда қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен (Беларусь) кездесті.

Алғашқы сет Рыбакинаның пайдасына аяқталды - 6:4. Екінші кезеңде дәл осы есеппен қарсыласы басым түсті. Шешуші сетте қазақстандық спортшы тағы да басым түсіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Елена Рыбакина Australian Open турнирінің чемпионы атанды. Бұл - оның мансабындағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі екінші жеңісі. 2022 жылы отандасымыз Уимблдон турнирінде топ жарған болатын.

Оқи отырыңыз: Мыңжылдық тарих сабақтастығы – жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар