Шайбалы хоккей: Қазақстанның ерлер құрамасы элиталық дивизионға шықты

08.05.2026 15:46

Енді жерлестеріміз Франциямен шеберлік сынасады

Depositphotos.com

Шайбалы хоккейден Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан I дивизионның әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы Украинаны жеңіп, мерзімінен бұрын элиталық дивизионға жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туризм және спорт министрлігінен хабарлағандай, 4-тур аясындағы тартысты ойында отандастарымыз Украинамен негізгі уақыт және овертаймда 4:4 есебімен тең түскенімен, буллит сериясында сәттілік (2:1) біздің жағымызда болды.

Кездесу барысында Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Роман Старченко, Батырлан Мұратов мергендік танытып, жеңіске үлестерін қосты.

Қазақстанның әлем чемпионатындағы көрсеткіші:

  • Қазақстан - Литва - 4:1;
  • Қазақстан - Жапония - 6:0;
  • Қазақстан - Польша - 3:2.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2021-2025 жылдар аралығында элиталық дивизионда өнер көрсеткен еді.

Енді жерлестеріміз ертең шешуші турда топтағы басты фавориттің бірі саналатын Франциямен шеберлік байқасады.

Оқи отырыңыз: Президенттік әдеби сыйлық: жас қаламгерлерден өтінім қабылданып жатыр