Ойын футболшылардың наразылығымен және жанкүйерлер арасындағы төбелеспен есте қалды
Футболдан Сенегал құрамасы Африка кубогының жеңімпазы атанып, турнирдің финалында Марокко командасын драмалық жағдайда жеңді. Шешуші матч Марокко аумағында өтіп, сенегалдықтардың 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кездесудің негізгі уақыты тартысты өтті және 0:0 есебімен тең аяқталды. Алайда қосымша уақытта матч жанжал сипат алды. Төреші Сенегал құрамасының қақпасына пенальти белгілеп, бұл африкалық команданың қатты наразылығын тудырды. Қарсылық белгісі ретінде сенегалдық футболшылар уақытша алаңнан кетіп қалды.
Жағдай одан әрі ушығып, трибуналарда жанкүйерлер арасында төбелес басталды, ол көп ұзамай алаңға да ауысты. Матч бірнеше минутқа тоқтатылып, кейін тәртіп қалпына келтірілген соң командалар ойынды жалғастырды.
Пенальтиді орындауға мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Браим Диас шықты. Марокколық футболшы қақпашыны «паненка» стилінде, қақпаның ортасына соққы жасап алдамақ болды, алайда Сенегал қақпашысы Эдуар Менди бұл сәтті дәл оқып, допты сенімді түрде қағып алды.
Осыдан кейін сенегалдықтар бастаманы өз қолына алып, қарсыласына айтарлықтай қысым көрсете бастады. Қосымша уақыттың 94-минутында «Вильярреал» клубының ойыншысы Папе Гуйе алаң ортасында допты қабылдап, бірнеше қорғаушыдан өтіп, алыстағы бұрышқа дәл соққы жасап, өз командасына жеңіс сыйлады.
Финалдық ысқырық 1:0 есебін тіркеді. Сенегал құрамасы өз тарихында екінші рет Африка кубогын жеңіп алып, турнир тарихындағы ең эмоцияға толы әрі жанжалға ұласқан жеңістердің біріне қол жеткізді.
Оқи отырыңыз: Хоккейден қазақстандық клуб Құрлықтық кубок финалында бақ сынады