Сенің де қолыңнан келеді: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалар арасында шағын футболдан турнир өтті

Almaty.tv
Almaty.tv

Доп додасында Өскемен, Қарағанды, Шымкент және Алматыдан келген төрт команда бақ сынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалар арасында шағын футболдан «Сенің де қолыңнан келеді» атты қалааралық турнир өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Доп додасында Өскемен, Қарағанды, Шымкент және Алматыдан келген төрт команда бақ сынады. Жарыстың басты мақсаты – қоғамда инклюзивті мәдениетті дамыту, ерекше балаларды спортқа баулу және олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жол ашу.

«Турнирдің ұйымдастырушысы алматылық «Алаш» футбол командасы, бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Екі күн бойы балалар футбол алаңында ойын көрсетіп жатыр. Ерекше балаларымызға мүмкіндік жасау керек. Мақсаты – бір команданың жеңіске жетуі емес, балаларымызға» сенің де қолыңнан келеді» деп түсіндіру», – деді турнир ұйымдастырушысы Дана Сариева. 

Екі күнге созылған турнирге 25-ке жуық жас спортшы қатысты. Игі бастамаға ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары мұрындық болып, жеке кәсіпкерлер демеушілік көрсетті. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы кубок пен медальдармен марапатталды. Ал ата-аналар мұндай додалар балалардың өзіне деген сенімін арттыратынын айтады.

«Шымкент қаласынан келіп, унифутболдан жарысқа былтыр күзден бастап балам қатысып жатыр. Ұйымдастырушыларға, рақмет! Балаларымызға мереке сыйлап жатыр. Турнирлер  жиі болса, балаларға мотивация сыйлап, қуанып қалар еді деп ойлаймын», – деді ата-ана Гүлайна Салыбекова.

Оқи отырыңыз: Болашақ ойындары: Қазақстандық Team KZ командасы чемпионы атанды