Спорт – есірткіге қарсы: Алматы облысында денсаулық фестивалі өтті

22.01.2026 15:43

Бағдарламада шаңғымен жүгіру, арқан тарту, бөрене көтеру, бұқа тартыс, қол күрес, тас көтеру сынды ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылды

Алматы облысының Кеген ауданында «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен денсаулық фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауқымды іс-шара аудан әкімдігі мен облыстық Полиция департаментінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған. Фестивальдің басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортты насихаттап, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының да Жолдауда айтылған тапсырмасына сай, халықты салауатты өмір сүру салтына айналысу үшін іс-шараларды ұйымдастырыпжатырмыз. Спорт ғимараттары жаңартылып жатыр,  алаңдар салынып жатыр, ауданымызда екі спорт мектебі жұмыс істеп жатыр. Біреуі қыстық әрі жаздық мектеп», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Іс-шараға облыстық басқармалардың қызметкерлері, полиция департаменті, аудандық мекемелердің жұмысшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар мен мектеп оқушылары белсене қатысты. Барлығы 500-ге жуық адам жиналып, спорттық сайыстарға куә болды. Бағдарламада шаңғымен жүгіру, арқан тарту, бөрене көтеру, бұқа тартыс, қол күрес, тас көтеру сынды ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылды.

«Керемет жарыс боп жатыр. Аудан әкімдігіне алғыс айтамыз, жылда жарыстар ұйымдастырып отырады. Кеген ауданының жастарын есірткіге әуес болмай, спортпен шұғылдануға, шақырамын», – деді Кеген ауданының тұрғыны Ернұр Стамбек.

Оқи отырыңыз: Қысқы олимпиада ойындары: ел намысын алматылық спортшылар қорғайды