Қысқы олимпиада ойындары: ел намысын алматылық спортшылар қорғайды

Қазақ елінен байрақты бәсекеге 36 спортшы аттанады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы спортшыларының ең үлкен халықаралық қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы қызу. Әлемдік додаға елімізден 36 спортшы қатысады. Оның алтауы – мегаполис атлеттері. Олар Италияда өтетін жарыста төрт бағыт бойынша бақ сынамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

6-22 ақпан аралығында Италияда өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан 10 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Бірі – шаңғымен тұғырдан секіру. Ал бұл бағытта ел намысын екі алматылық спортшы қорғайды. Олар Илья Мизерных пен Даниль Васильев. Қос атлеттің бүгінде дайындықтары қызу. Олар қаладағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінде жаттығуда.

 «Мен бұған дейін жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға қатысқанмын, бірақ жоғары деңгейдегі жарысқа алғаш рет барамын. Жасөспірімдер Олимпиадасында жеке бірінші орын, ал командалық сында тоғызыншы орынға тұрақтадық. Қазір ешқандай қобалжу жоқ, дайындалып жатырмын», – деді  спортшы Илья Мизерных

«2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадаға қатыстым, ол кезде 17 жаста едім. Ол менің алғашқы Олимпиадам болды. Сол жарыста ең жас қатысушы болдым. Биылғы көрсеткіш одан да жақсы болады деп сенемін. Біз барлық трамплиндерде, кез келген деңгейдегі спортшылармен бірге секіреміз», – деді спортшы Даниль Васильев.

Спортшылардың жаттығулары күн сайын өтеді. Олар екі рет трамплиннен секіреді. Сонымен қатар ұл-қыздармен психолог жұмыс істейді. 1 ақпанда команда жарыс алдында бейімделу кезеңінен өту үшін Италияға аттанады.

«Әрине, әрбір спортшының, әр бапкердің алдына қойған мақсаты, арманы десек болады, ол – жеңіс. Кез келгені қандай да бір медаль алғысы келеді. Биыл, менің ойымша, жарыс жақсы өтеді. Мен жігіттерге сенемін. Қазақстан алға!» – деді шаңғымен тұғырдан секіруден аға-жаттықтырушы Қайрат Биекенов.

Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындары Милан және Кортина қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен бас-аяғы 3 500-ден аса спортшы қатысады.

Ал қазақ елінен байрақты бәсекеге 36 спортшы аттанады.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

 

Новости партнеров