Спорт саласындағы реформалар қандай нәтиже берді

13.08.2026 20:10

Нәтижесінде 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген

Almaty.tv

Кейінгі жылдары еліміздің спорт саласында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асып жатыр. Мемлекет қаржыны кәсіби клубтар мен шетелдік легионерлерге емес, балалар мен жасөспірімдер спортына бағыттауға басымдық беруде. Нәтижесінде 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіпті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұған дейін спорт саласындағы қордаланған мәселелердің бірі - жаттықтырушылардың жалақысының төмендігі мен балалар спортына бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі еді. Енді мемлекет бұл мәселелерді шешуге нақты қадам жасап отыр. Саладағы реформалардың нәтижесінде балалар спортына бөлінетін қаржы шамамен екі есеге өсті. Мамандандырылған мектептердегі бір тәрбиеленушіге бөлінетін қаражат 233 мыңнан 415 мың теңгеге дейін артты. Ал жаттықтырушылардың жалақысы кезең-кезеңімен көтеріле бастады. Қазірдің өзінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға өскен. Жауаптылар аталған өзгерістер қазірдің өзінде жемісін беріп жатқанын айтты.

«Өзгерістер енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң оның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Ең алдымен, Миланда Михаил Шайдоровтың Олимпиадада алтын медаль алғанын айтуға болады. Одан кейін паралимпиадашыларымыз да үлкен жетістікке жетті. Ербол Хамитов чемпион атанып, қола жүлдеге де ие болды. Сонымен қатар семсерлесушілеріміз командалық әлем чемпионатында жеңіске жетті. Яғни спорттағы реформалардың нәтижесі көрініп жатыр», – деді Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген.

Спорт саласындағы өзгерістер ұйым басшыларына қойылатын талаптарды да күшейтті. Енді басшылар әр төрт жыл сайын ротация тәртібімен басқа қызметке ауыстырылады. Ал жұмыс нәтижесі төмен болса, қызметі төмендетіледі. Керісінше, жақсы нәтиже көрсеткен басшылардың қызметтік өсуіне мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, тағы да бірқатар маңызды өзгерістер бар.

«Заң жүзінде бюджеттік қаражаттан легионерлерге қаржыландыру тиым салынды. Одан бөлек бірінші топтағы мүгедек спортшыларға, бірге алып жүретін адам қаржыландырады. Үздік спортшылардың ай сайын алатын жалақылары барлық өңірде бірдей болды. Сонымен қоса спорт ұйымдарының басшыларының ротациясы заңға енді», – деді  «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Азамат Имашев.

Спортшылардың денсаулығын бақылауға да ерекше назар аударылып келеді. Қазір олардың денсаулығын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін арнайы жүйе енгізілген. Оның көмегімен спортшылардың медициналық көрсеткіштеріне талдау жасалады. Жалпы, саладағы медицина қызметкерлерінің біліктілігі де халықаралық деңгейдегі талаптарға сай.

«Біздің спортшыларымыз көбіне дені сау, жаттығуын босатып жатқан жоқ. Егер жарыс үстінде болмаса жаттығуы барысында жарақат алса, оны тез қалпына келтіретін шаралар қолданылып жатыр. Сондықтан медицина, реабилитолог дәрігерлердің деңгейі жоғары деңгейде деп айтуға болады», – деді Ұлттық спорт медицинасы және оңалту орталығы директорының орынбасары Медет Маханбет.

Бұған дейін спорт саласына бөлінген қомақты қаржының бір бөлігі легионерлерді қаржыландыруға жұмсалып келген. 2024 жылы шетелдік спортшыларға 5,8 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 3,5 млрд теңгені құраған. Биыл легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылғалы 8 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасынан қанша спортшы қатысады

Толық көрсету