Almaty open ATP 250 турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төрткүл дүние көз тіккен Almaty open ATP 250 турнирінің ресми ашылу салтанатында әлемге танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Almaty open ATP 250 турнирінің ресми ашылу салтанаты кеше кешке өтті. Концерттік бағдарламаның хедлайнері болып Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Әнші «When I’ve Got You және «Weekend» композицияларын орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ ол кеш соңында Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің тұңғыш директоры, композитор Қайырғали Қожанбаевтың «Ризамын тағдырға» әнін қазақ тілінде шырқап, келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ашылу салтанатында аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов та төбе көрсетті. Спортшы қазақстандық екі теннисші Михаил Кукушкин мен Александр Шевченконың ойынын тамашалады. Екі сағат 23 минутқа созылған тартысқа толы бәсекеде жас ойыншы шапшаңдығын көрсетіп, жеңіске жетті.

"Шынымды айтсам, керемет матч болды. Осы маусымда мұндай деңгейдегі ойынды қашан өткізгенім есімде жоқ. Қарсыласым да, мен де жақсы ойын өрнегін көрсеттік деп ойлаймын. Түрлі күтпеген жағдайлар да болып жатты. Десе де, бәрі ойдағыдай өтті", – деді теннисші Александр Шевченко.

Бұл күні көрермен бас аяғы 9 матчты тамашалады. Ойын өткізгендердің қатарында қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев та бар. Спортшы ливандық Бенжамин Хассанмен кездесу өткізіп, ATP 250 турнирін жеңіспен бастады.

" Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Алматыда ойын өткізгенім себеп болды деп ойлаймын. Неге десеңіз, мен осы жерде өстім, жаттықтым. Барлық жағдайға дайын болдым", – деді теннисші Бейбіт Жұқаев.

Жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын бәсекенің көркін 20 елдің спортшысы қыздырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін әлемдік теннис жұлдыздары америкалық Фрэнсис Тиафо мен АТР-дің өткен жылғы турнирінің жеңімпазы франциялық Адриан Маннарино турнир аясында аутизм орталығының жұмысымен танысып қайтқан.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Зарина Диастың әлемдік рейтингтегі орны жоғарылады

 

 

Новости партнеров