Қазақстан құрамасы чемпионатты 2 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады
Таеквондодан Найробиде (Кения) өткен U21 санатындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, жарыстың шешуші күнінде 87 келідегі Батырхан Төлеуғали финалға дейін жетіп, ақтық сында Иран спортшысы Мохаммад Ализадехтен басым түсті.
Отандасымыз чемпионат барысында Фотиос Домпас (Грекия), Джоб Стюарт (Аустралия), Владислав Будиннен (бейтарап спортшы) айласын асырды.
Айта кетейік, Батырхан Төлеуғали 2024 жылы Париж Олимпиадасында 80 келіде бақ сынаған еді. 3-6 желтоқсан аралығында жалғасқан жаһандық додада Қазастан сапынан Бейбарыс Қаблан U21 санатындағы әлем чемпионатының тұңғыш алтын жүлдесін алса, Тамирлан Тілеулес қола жүлдені еншілеген еді.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жеңіске жеткен спортшыларымызды құттықтап, таеквондо тарихындағы үздік нәтиже тіркелгенін айтты.
«Құрметті достар! Кенияның Найроби қаласында өткен таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатында отандық спортшылар ел тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп, екі алтын, бір қола медаль жеңіп алды.
Әлемдік доданың алғашқы күндерінде Бейбарыс Қаблан тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, Әнұранымызды шырқатты. Оның еліміздің таеквандо тарихындағы тұңғыш жеңісін Мемлекет басшысы ерекше атап өтіп, жас спортшыға құттықтауын жолдады.
Жарыстың соңғы күнінде былтырғы Париж Олимпиадасына қатысушы, дарынды спортшымыз Батырхан Төлеуғали де мықтылығын дәлелдеп, әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ отандасымыз Темірлан Тілеулес те әлем біріншілігінде қола медаль жеңіп, тұырдан көрінді.
Осылайша, ұлттық құрама бұл чемпионатта екі алтын және бір қола жүлде олжалап, таеквондо тарихындағы үздік нәтижені тіркеді. Бұл жеңіс жас спортшыларымызды жігерлендіріп, қазақ таеквондосының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел мерейін асырған спортшыларға, федерация басшылығына, спортшыларды әлем чемпионатына жоғары дайындықпен апарған бапкерлер құрамына және бүкіл команда мүшелеріне ерекше алғыс білдіре отырып, тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Спортшылардың жеңісті жолы жалғасын таба берсін!», - деді министр.
Оқи отырыңыз: Мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина халықаралық турнирде жүлдегер атанды