Тілсіз жау салдарынан кемінде 50 адам түрлі жарақат алған
Үндістанның Гоа штатындағы түнгі клубта болған жойқын өрт салдарынан 25 адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында кемінде төрт шетелдік турист бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Times of India басылымының жазуынша, Гоа штатының полиция бастығы Алок Кумардың айтуынша, жеке басы анықталған марқұмдардың ішінде клубтың 14 қызметкері мен төрт турист бар. Сондай-ақ тағы жеті адамның жеке тұлғасы анықталып жатыр.
Тілсіз жау салдарынан кемінде 50 адам түрлі жарақат алған.
Қайғылы оқиға 7 желтоқсанға қараған түні Солтүстік Гоадағы Арпора ауылында орналасқан түнгі клубта болған.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына клуб асханасындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.
Қазіргі кезде құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
«Марқұмдардың басым бөлігінің денесі асханадан табылды, бұл олардың клуб қызметкерлері болуы мүмкін екенін көрсетеді. Тағы екі адамның денесі баспалдақтан табылды», - деді штаттың бас прокуроры Алок Кумар.
Төтенше жағдайдың себептері толық анықталу үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде көпір үстінде болған жол апатынан екі адам қаза тапты