Almaty Open турнирінің іріктеу кезеңі қалай өтті

14.10.2024 21:27

Турнир әлемнің 40 елінде көрсетіліп жатыр

Алматыда Almaty open ATP 250 турнирінің іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Әлемнің үздік теннисшілері жиналған бәсекенің екінші күнінде Михаил Кукушкин сәтті ойын өрнегін көрсетіп, негізгі жарысқа жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған доданың іріктеу кезеңі кеше басталған. Almaty Arena стадионындағы орталық кортқа екінші болып 16 жастағы қазақстандық теннисші Әмір Омарханов шықты. Алайда спортшы бірінші айналымда ұлыбританиялық Дэниел Эвансқа есе жіберді. Кейін Қазақстан атынан ойынға қатысқан Денис Евсеев ливандық Бенжамин Хассаннан айласын асыра алмады. Бірақ бүгін отандасымыз Михаил Кукушкин ел мерейін үстем етіп, жанкүйерлеріне сенім сыйлады. Ол өзбекстандық теннисші Хумаюн Сұлтановты жеңіп, іріктеу кезеңінің финалында тартысқа толы сайыс өткізді. Бірінші партияда бірден алға ұмтылса, екінші сетте есеп теңескен кезде, қарқынын үдете түсті. Осылайша ол ресейлік Алибек Качмазовтың мысын басты.  

"Ойын өте жақсы өтті. Қарсыласты айқын басымдықпен жеңуге мүмкіндік туды. Десе де ол осал болмады, кортта тартысты ойын көрсетті. Мен үшін негізгі жарысқа жолдама алу маңызды болды. Алматыдағы турнирде бақ сынап жатқаныма қуаныштымын. Әрі қарай да бәрі жақсы болады деп үміттенемін", – деді  теннисші Михаил Кукушкин. 

Бүгін іріктеу кезеңінен бөлек, жарыстың негізгі ойындары да басталды. Турнир әлемнің 40 елінде көрсетіліп жатыр.

Жанкүйерлер үшін мұнда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Келушілер ойын ойнап, біліктілігін шыңдайды. Сондай-ақ жаттықтырушылардан қажетті әдіс-тәсілдерді үйреніп ала алады. Лед экран арқылы тікелей эфирде кәсіби ойыншылардың өнерін тамашалап, өзіне шабыт шақырады.

Қонақтарға арналған аймақта фильм тамашалап, дәмді тағамнан ауыз тиіп, түрлі ойынға қатысуға, көңіл көтеруге болады. Ал әкімдіктің қолдауымен 10 автобус көрерменге тегін тасымалдау қызметін ұсынып жүр. Олар таңғы сағат 9:00  жолға шығады.

"ATP санатындағы турнир бұған дейін 4 рет Астанада өтті. Бірақ биылдан бастап Алматы қаласы – Қазақстан теннисінің отаны болып саналады. Яғни теннистің іргетасы Қазақстанда 1930 жылдары Алматыда қаланды. Алматыдағы әуесқой споршылар, тұрғындары, балалар Алматыда үлкен турнир өтуін қалады. Ескеріп, биыл іс-шара Қазақстанның оңтүстік астанасында өтіп жатыр", – деді Қазақстан теннис федерациясының баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев.  

Еске салайық, теннис ойындары 20 қазанға дейін жалғасады. Ал турнирдің ресми ашылу салтанаты ертең кешке өтеді. Онда әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өнерін көрсетеді.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Анна Данилина әлемдік рейтингіде 22-орынға көтерілді