Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан мен Қырғызстан көкпардан ақтық сында кездеседі

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар бәсекесі шешуші кезеңге жетті. 6 қыркүйек күні Қазақстан мен Қырғызстан ұлттық құрамалары чемпиондық атақ үшін ақтық сында кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sportm.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Ресей мен Мажарстан командаларын жеңіп, өз тобынан бірінші орынмен шықты. Ұлттық құрама жарыс барысында сенімді ойын өрнегін көрсетіп, финалға жолдама алды.

Қырғызстан құрамасы да өз тобында қарсыластарынан басым түсті. Алаң иелері Өзбекстан, Моңғолия және Ауғанстан құрамаларын жеңіп, топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтап, ақтық сынға шықты.

Бүгін қола жүлде үшін Ресей мен Өзбекстан құрамалары кездесті. Тартысты өткен ойында Ресей 5:4 есебімен жеңіске жетіп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері атанды.

Енді көкпар додасының басты бәсекесі алда. 6 қыркүйек күні Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары алтын жүлде үшін кездеседі. Финал Қазақстан уақытымен сағат 11: 00-де басталады.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысын бақылап отыр