Федерацияның түсіндіруінше, бұл кезең спортшының құқығын сақтау және процестік ашықтық тұрғысынан аса маңызды
Әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты тергеудің жаңа кезеңі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының мәліметінше, допинг-бақылау нәтижелері бойынша алынған B сынамасын ашу күні мен уақыты белгіленген.
Федерацияның түсіндіруінше, бұл кезең спортшының құқығын сақтау және процестік ашықтық тұрғысынан аса маңызды.
"Халықаралық тәжірибеде B сынамасын талдау тек A сынамасының бастапқы нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүргізіледі. Процедура тәуелсіз, аккредиттелген зертханада жүзеге асады және барлық хаттамалық талаптар қатаң сақталады. Сонымен қатар спортшының және мүдделі тараптардың өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беріледі. Дәл осы тетік объективтілікті қамтамасыз етіп, кез келген қателік немесе қате түсіндіру ықтималдығын болдырмауға қызмет етеді", — деп мәлімдеді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы.
Сондай-ақ федерация B сынамасын ашу күнінің белгіленуі қандай да бір заңбұзушылықтың мойындалуы болып табылмайтынын және алдын ала қорытынды жасалмайтынын атап өтті. Бұл халықаралық антидопингтік ережелерде қарастырылған, фактілерді түпкілікті анықтауға бағытталған стандартты рәсімдік қадам.
Федерация өкілдері екі сынама бойынша да ресми қорытынды алынғанға дейін Жәнібек Әлімханұлының жағдайына қатысты кез келген жария мәлімдемелерге, болжамдар мен бағалау пікірлеріне қарсы екенін жеткізді.
B сынамасын ашудың нақты күні әзірге жария етілген жоқ. Сонымен қатар федерация VADA ұйымынан A сынамасы бойынша ресми әрі толық жауапты әлі де күтіп отырғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде оқушылар қашықтан оқып жатыр