Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынағы 2026 жылдың 8 қаңтарында ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
Еске салайық, 15 қарашада тапсырған допинг-сынағынан боксшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний заты табылған. Осыған байланысты 2 желтоқсанда VADA (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) Жәнібек Әлімханұлына ресми хат жолдаған болатын. Салдарынан оның кубалық Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жегі өтпей қалды. Бұл кездесуде үш бірдей чемпиондық белбеу сарапқа салынуы тиіс еді.
Нәтижесінде, Эрисланди Лара 6 желтоқсанда венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын сәтті қорғап қалды.
Осы жағдайға байланысты Жәнібек Әлімханұлы өз пікірін білдіріп, болған оқиғаға таңғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, 12 қарашада тапсырған А сынағы таза шыққан. Сол кезде ол сынақ процесінің бейнежазбасын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
«Мен әрдайым таза спортты қолдаймын. Бұл жаңалық мені қатты таңғалдырды. Алғашқы сынақта тыйым салынған ешқандай зат анықталған жоқ. Қолданатын қоспаларымды да өзгерткен емеспін. Сондықтан екінші сынақтың нәтижесі қалай шыққанын түсінбеймін және қайта тексеруді сұрадым», — деді боксшы.
Енді спортшының кәсіби мансабы В сынағының қорытындысына тікелей байланысты болмақ.
Дереккөз: Aikyn.kz