Алматы спортшысы ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтынын иеленді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы

Қысқа бағдарламадан кейін Шайдоров 92,94 ұпаймен бесінші орында тұрған болатын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық спортшы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында топ жарып, ерлер арасындағы жекелей сайыста Олимпиада чемпионы атанды. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері хабарлады, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Басқарма дерегіне сәйкес, қысқа бағдарлама нәтижесінде Михаил 92,94 ұпай еншілесе, еркін бағдарламада жоғары техникалық күрделілікті, мінсіз сырғанауды және нағыз чемпионға тән рухты паш етіп, 198,64 ұпай жинады. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпайға қол жеткізіп, Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бұл жетістік — тарихи маңызы бар айрықша оқиға. Қазақстан спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет Олимпиада алтынын еншілеп отыр. Бұдан бөлек, қысқы Олимпиада ойындарындағы 32 жылдық үзілістен кейінгі алтын медаль ел спорты үшін ерекше кезеңнің бастауы ретінде бағаланады.

Жеңіс — табанды еңбектің, жүйелі дайындықтың, жаттықтырушылар штабының кәсіби жұмысының және жан-жақты қолдаудың жемісі. Олимпиада аренасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, көк Туымыз желбіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан жалғыз олимпиадалық медальді 2014 жылы Сочиде өткен ойындарда Денис Тен (қола) жеңіп алған еді. Шайдоровтың алтыны – Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын медалі. Бұған дейін 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов чемпион атанған.

Оқи отырыңыз: Олимпиада-2026: Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада бесінші орын алды

Новости партнеров