Бүгін Бақытжан Сағынтаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар басшысы кездесу барысында мегаполистің болашағын қалай көретіні жайлы ой бөлісіп, қаланы дамытуға бағытталған «Алматы-2050» стратегиялық жобасын ұсынды.
«Алматының болашағы – қаланың өсіп келе жатқан жас кәсіби мамандарының, ғалымдары мен басқарушы, кәсіпкерлер толқынының қолында. Және дәл сіздер, бүгінгі студенттер – қаланың баға жетпес адами капиталысыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Даму жобасы 7 негізгі стратегиялық басымдыққа негізделген, алғашқысы – Ғаламдық ауқымдағы «ақылды» қалаға айналып, өмір сүру сапасы жөнінен әлемнің 100 үздік қаласының қатарына ену.
2-басымдық - Алматы шетсіз қалаға айналуы тиіс.
«Алматы әр ауданының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекше орындары бар көпорталықты қала болуы тиіс», - деді қала әкімі. Орталық пен шет жақтардың арасындағы өмір сүру деңгейлерінің айырмашылығын азайту үшін «Жаңа Алматы» жоспары түзілді. Оның басты мақсаты – таяу бесжылдықта қаланың барлық аудандарындағы сумен қамтамасыз ету, жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік, баспана құрылысы, балабақша, мектеп пен жол мәселесін шешу.
Алматы сондай-ақ адамға қарай орайластырылған қала болуы керек. Яғни, әр тұрғынға бағытталған, әр түрлі бастамаларға ашық қалаға айналдыруды жоспарлап отырмыз.
Бақытжан Сағынтаев студенттерді еріктілер қозғалысына белсене қатысып, қаланы ізгілендіруге жол көрсетуге шақырды.
«Менің ұстанымым: қаланы басқару қала тұрғындарымен тығыз байланыста өрбуі керек. Біздің мегаполис ауқымында «Еститін мемлекет» принципін жүзеге асыру шарт», - деді қала басшысы.
Төртінші басымдық – қылмыс пен техногендік қауіп деңгейі өте төмен қауіпсіз қала қалыптастыру.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ақылды қала технологиясы енгізіледі – ол үшін қауіпсіздікке төнген қатерді бірден анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік беретін камералар, датчиктер, анализ Big Data сараптамалар, жасанды интеллект қалыптастыру керек.
2020 жылдың соңына дейін халық көп жиналатын жерлерде адамдардың түрін танитын, бейнеталдау жасай алатын интеллектуалды жүйесі бар 1000 камера орнату жоспарлануда.
Табиғат пен қалалық ортаны біріктіретін жоғары экологиялық стандартқа ие Жасыл қала құру – бесінші басымдық.
«Біз бірнеше жылда қаланың көгал қорын түбегейлі жаңартамыз, Jasyl Almaty бағдарламасы бойынша ең бірінші кезекте шет аймақтар қамтылатындай, жалпы 1 млн ағаш отырғызамыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкім барша жұртты 12 қазанда Көк-Төбеде өтетін сенбілікке белсене қатысуға шақырды.
Алматының Жаңа Жібек жолы бойында орналасқан еліміздің іскерлік орталығы ретіндегі позициясын нығайту алтыншы басымдық болып табылады.
«Біз 2050 жылы ЖЖӨ-ді әр адам басына шаққанда 2,5 есе ұлғайтуды мақсат етіп отырмыз", - деді әкім.
Ол үшін біздің өнімдер мен қызметтер әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті болуы керек».
Жетінші стратегиялық басымдық - Алматы мәдени креативті қалаға айналуы керек. Сағынтаевтың пікірінше, ол үшін мәдени кеңістіктерді әлемдік мәдени трендтерге лайықтап қайта жүктеу шарт.
«Біз Стратегия құжатының жобасын арнайы сайт пен қалалық БАҚ арқылы қоғамдық талқылауға жібереміз. Мен сіздерді және баршы қала тұрғындарын осыған белсене қатысуға шақырамын», - деп түйіндеді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.