|
11.12.2019 | 16:48
49611

Қоғам қайраткерлері «Алматы-2050» даму стратегиясын талқылады

Kazakhstan Urban Conference-2019 конференциясында жобаның соңғы нұсқасы ұсынылады

Қоғам қайраткерлері «Алматы-2050» даму стратегиясын талқылады Almaty.tv

Экология, қауіпсіздік және көлік тиімділігін жақсарту. «Алматы-2050» даму стратегиясында осы мәселелерге негізгі басымдық берілмек. Бұл туралы бүгін Kazakhstan Urban Conference-2019 конференциясын өткізу жөніндегі баспасөз мәслихатында белсенділер айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, жобаны әзірлеу кезінде қала тұрғындарынан 1000-нан астам ұсыныс келіп түскен екен. Оның 176-сы қабылданып, стратегиялық құжатқа енген.

«Алматыда 3 басты проблема бар. Олар: экология, қауіпсіздік және көлік тиімділігін жақсарту. Оны біз бүгін сарапшылармен, қала жұртшылығымен талқылаудамыз. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Соңғы жарты жылда бұл мәселелерді шешу мақсатында қала әкімшілігі, қоғам белсенділері, қала тұрғындары және сарапшылармен қарқынды түрде байланыс орнатып жатырмыз», - деді Kazakhstan Growth Forum төрағасы Елдар АБДРАЗАҚОВ.

Айта кетейік, стратегиялық құжатты жасау кезінде Нью-Йорк, Токио, Сан-Франциско және Мюнхен қалаларының тәжірибесі зерттеліпті. Осы шаһарлардың жобасы негізінде біздің қаланың сарапшылары өзіміздің «Алматы заңын» әзірлеуді ұсынды. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысының тығыз ынтымақтастық орнатуына, экологиясы мен инфрақұрылымына жауап беретін стратегия аясында жүзеге аспақ.

«Ең басты нәрсе бөлек-бөлек мобильді қосымшалардан гөрі, мәліметтердің барлығы бір жерге келіп түсетін, бір жерден табылатын  краудсорсингтік платформа, IT-платформа құру болды. Бұл тығыз байланыс орнату үшін қажет. Демек, азаматтардың кез-келген тақырып бойынша тастаған ұсыныстары сол жерде тиісті атқарушыға жететіндей етіп қарастырылған», - деді ADAM DAMU "Еуразиялық гуманитарлық орталығы" ҚҚ Басқарма басшысы Аида ӘЛЖАНОВА.

2050 жылы қала келбеті қалай өзгереді? Алматы 5 млн тұрғынға метроөңір бола ала ма? Осы және өзге де маңызды сауалдар ертең өтетін Kazakhstan Urban Conference-2019 конференциясында талқыланатын болады. Дәл осы күні қала тұрғындарының ұсыныстары ескерілген «Алматы-2050» даму стратегиясының соңғы нұсқасы ұсынылады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир