Алматы – бүгінде өмір сүру деңгейі жоғары қала. Бұған шаhардың тарихи рөлі мен экономикалық жетістіктері себеп. Алып шаһар өңірлік деңгейге ие бола отырып, тез өсуде. 10 жыл ішінде қаланың аумағы 2 есеге ұлғайған. Ал тұрғындар саны үштен бірге ұлғайып, 1,9 миллион адамға табан тіреген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – бизнес жүргізу үшін ең қолайлы өңір. Бұл тұрғыда алып мегаполис республика бойынша көш бастап тұр. Ел экономикасының 20 пайызға жуығы, бюджетке құйылатын түсімдердің 23 пайыздан астамы алып шаһарға тиесілі. Дүниежүзілік Банктің Doing Business жаһандық рейтингісінде Қазақстанның орны Алматы бойынша анықталады және 10 жыл ішінде біздің еліміз 190 мемлекеттің арасында 63-тен 25-орынға бірақ көтерілген. Халықаралық деңгейде Алматы әлемдік экономиканың 60 пайызын құрайтын 600 мегаполиске кіреді.
«Барлық іскерлік және экономикалық бөлік қаланың орталығында шоғырланған. Қала әкімінің тұжырымдамасы бойынша Алматы шетсіз қалаға айналуы тиіс. Тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалады. Мәдениетте де, бизнесте де», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесі бюджеттік комиссиясының төрағасы Ахметжан ШАРДИНОВ.
Еліміздің көліктік-логистика саласына серпін беріп отырған қала – Алматы. Бұл теміржол, әуе қатынасы, көлік дәлізі арқылы жүзеге асуда. Аймақ бойынша жүк ағыны Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолын және Жетіген – Қазыбек би айналма темір жолын салумен өсуі тиіс. Бұл сауда айналымын арттыруға, тауарларды жеткізуге, қайта өңдеуге, сақтауға және сатуға байланысты бизнес түрлерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мегаполистің сұлулығын тамашалауға келген туристер саны былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға көбейген. Биыл Алматыға 400 мыңдай саяхатшы келген. Қаланың керемет табиғаты мен тау шаңғы курорттары, сирек кездесетін флорасы мен фаунасы бар табиғи саябақтар, тарихи ғимараттар мен сәулет ескерткіштері шетелдіктердің қызығушылығын тудырады.
«Қиын-қыстау заман өтті. Біз дамып келе жатырмыз дейміз. Туризмді дамыту керек. Алматыға келетін қонақтар көп. Соларға не көрсетеміз, осыған байланысты қазір ірі-ірі жобалар қабылдануда. Бірінші кезекте қаланың шеті деген ұғым болмауы керек», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.
Алматы республика бойынша өңірлік өнім бойынша екінші орында. 2018 жылы бұл көрсеткіш 12,1 триллион теңгеден асып түскен. Десе де, адам капиталы – Алматының басты активі. Ол болашақ жетістіктердің кепілі болуы тиіс. Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 10 жыл ішінде 4 жылға ұзарып, 75,5 жасқа жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы тек Нұр-Сұлтан қаласына ғана жол береді. Бала өлімі 10 жылда 2 есеге, ана өлімі 3,5 есеге төмендеген.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы